Наурыз мейрамы жақындаған сайын қазақстандықтар демалыс бағытын жиі іздей бастайды.
Биылғы көктемде жақсы жаңалық бар: Air Astana Алматыдан Баку қаласына тікелей рейстерді қайта іске қосып, Әзербайжан астанасына ұшатын рейстер санын көбейтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шешім демалысты алдын ала жоспарлап жүргендер үшін ғана емес, бизнес-сапарды ойлаған жолаушылар үшін де тиімді болмақ.
Алматы – Баку: рейстер кезең-кезеңімен көбейеді
2026 жылғы 15 наурыздан бастап Алматы – Баку – Алматы бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Ал сәуір айынан бастап жиілік аптасына үш ретке, мамырдан бастап төрт ретке дейін артады. Жаңа кестеге сәйкес ұшулар дүйсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері жүзеге асырылады.
Ең бастысы – жаңа кестеде күндізгі ұшу және қону уақыттары қарастырылған. Бұл туристерге де, транзиттік жолаушыларға да сапарды ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
Алматыдан Бакуге ұшу ұзақтығы шамамен 3 сағат 35 минут.
Атыраудан да Бакуге жиі ұшуға болады
Компания Атырау – Баку – Атырау бағыты бойынша да рейстер санын арттырады.
18 наурыздан бастап ұшулар дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалады.
Ал сәуір айынан бастап кесте өзгеріп, рейстер сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.
Атыраудан Бакуге ұшу небәрі 1 сағат 25 минут – яғни Каспийдің арғы бетіне жылдам жетуге болады.
Билеттер бағасы қанша?
Барлық алымдарды қоса есептегенде, эконом-кластағы барып-қайту билеттерінің бастапқы бағасы:
- Алматыдан – 157 182 теңгеден,
- Атыраудан – 97 093 теңгеден басталады.
Билеттерді ресми сайттан, мобильді қосымшадан және аккредиттелген туристік агенттіктерден сатып алуға болады.
Неге дәл қазір Бакуге бару керек?
Баку – Каспий жағалауындағы ерекше қала. Мұнда заманауи сәулет пен көне Ширваншахтар сарайы сияқты тарихи мұралар қатар орналасқан. Көктемде ауа райы жайлы, серуендеуге қолайлы.
Наурыз мерекесін жаңа атмосферада қарсы алғысы келетіндер үшін бұл тамаша мүмкіндік.
Тағы бір маңызды жайт – Қазақстан азаматтарына Әзербайжанға бару үшін виза қажет емес. Яғни құжат жинап әуре болмайсыз.
Көктем – сапар маусымы. Ал Баку бағытының жиілеуі қазақстандықтарға жаңа бағыттарды еркін әрі ыңғайлы жоспарлауға жол ашып отыр. Егер көптен бері Каспийдің арғы бетін көргіңіз келсе, дәл қазір жоспар құратын уақыт.