Астанада кешкі патрульдеу кезінде болған екі оқиға Ұлттық ұлан сарбаздарының тек тәртіп сақшысы ғана емес, қоғамға жанашыр азамат екенін тағы бір дәлелдеді.
Бір күннің ішінде олар күдіктіні қолға түсіріп, қымбат смартфонды заңды иесіне қайтарды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жасөспірімнің бейнежазбасы шешуші рөл атқарды
Кешкі сағат 20:30 шамасында Б.Аманжол көшесін патрульдеп жүрген 5573 әскери бөлімінің жасағы – жасақ бастығы қатардағы Константин Горбаневич пен патрульшілер Роллан Малик және Никита Трушников – жасөспірімнің өтінішіне назар аударды.
Бозбала әскери қызметшілерге ұялы телефонынан бейнежазба көрсеткен. Кадрларда белгісіз ер адамның "Сити" емханасы маңында күмәнді әрекет жасап, халық арасында "закладка" деп аталатын тыйым салынған заттарды іздеп жүргені байқалған.
Жасөспірімнің бейжай қалмай, дер кезінде хабар беруі – оқиғаның өрбуіне тікелей әсер еткен маңызды қадам болды.
Ұландықтар бейнежазбадағы белгілерге сүйене отырып, аз уақыт ішінде күдіктінің орналасқан жерін анықтап, оны қолға түсірді. Әңгіме барысында ер адам тыйым салынған заттарды іздегенін жасырмаған.
Оқиға туралы дереу рация арқылы баяндалып, "102" желісімен полиция қызметкерлері шақырылды. Қажетті құжаттар рәсімделген соң азамат құқық қорғау органдарына тапсырылды.
Мұндай жедел әрекет қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде уақыттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жоғалған iPhone иесін тапты
Сол күні бұған дейін, шамамен 19:15-те дәл осы жасақ К.Әзірбаев көшесімен жүріп келе жатып, iPhone 15 Pro Max маркалы ұялы телефон тауып алған.
Қымбат смартфон қараусыз жатқан. Ұландықтар олжаны жеке иемденуді емес, бірден рация арқылы кезекшілік қызметке хабар беруді жөн көрген. Бірлескен әрекеттің арқасында телефон иесі анықталып, көп ұзамай кездесу ұйымдастырылды.
Қымбат гаджетін қайта қолына алған азамат әскери қызметшілерге алғысын жаудырып, олардың адалдығы мен жауапкершілігіне ризашылығын білдірді.
Тәртіп пен сенім – қатар жүреді
Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек құқық бұзушыларды ұстау ғана емес. Бұл – адамдардың сенімін ақтау, адалдық таныту, әрбір дабылға бейжай қарамау.
Бір кештің ішінде орын алған екі оқиға – жасөспірімнің азаматтық белсенділігі мен ұландықтардың жедел әрекетінің нәтижесі. Осындай мысалдар қала көшелеріндегі қауіпсіздік тек форма кигендердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.
Ұлттық ұлан сарбаздары бұл жолы да өз міндетіне адал екенін дәлелдеді.

