Жамбыл облысында бүгінде Ұлы Отан соғысының небәрі үш ардагері ғана қалды.
Солардың ең үлкені – 102 жасқа толған Шалданбай Шаңбаев. Ғасыр жасаған қарияны туған күнімен Луговой гарнизонының әскери қызметшілері арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл – жай ғана мерейтой емес, тұтас бір дәуірге тағзым еді.
Майдан даласынан – бейбіт еңбекке дейінгі жол
Шалданбай Шаңбаев 1924 жылы 10 ақпанда Луговой ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ел басына күн туған шақта, 1942 жылдың 15 тамызында Меркі аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанады. Ол 227-полк құрамында Отанды азат ету жолындағы кескілескен ұрыстарға қатысады.
Жауынгер бірнеше рет жараланғанымен, саптан шықпай, Жеңіс күніне дейін алғы шепте болды. Оның ерлігі мен табандылығы – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Соғыстағы батырлығы үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен және бірқатар мерейтойлық марапаттармен наградталған.
Жеңістен кейін де төрт жыл әскери қызметте қалып, тек 1949 жылы ғана елге оралады. Бейбіт өмірде трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып еңбек етеді. 1959 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін Жаңатұрмыс колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі қызметін атқарған. Майдандағы ерлік пен тылдағы табанды еңбек – оның ғұмыр жолының қос қанаты.
Гарнизоннан – құрмет
Туған күн иесін 03811 әскери бөлімінің командирі, подполковник Алмаз Қабиев бастаған Луговой гарнизонының әскери қызметшілері құттықтап барды. Олар ардагерге Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы да жылы лебіздерін жолдаған.
Қарт майдангер меймандарды қонақжай көңілмен қарсы алып, батасын берді. Ғасыр жасаған қарияның әрбір сөзі – тарихтың тірі куәлігі іспетті. Әсіресе жастар үшін оның соғыс жылдарындағы естеліктерін тыңдау – ұмытылмас сәт болды.
Ұрпақтар сабақтастығы
Кездесу барысында офицерлер ардагерге қазіргі Қазақстан армиясының жетістіктері туралы айтып, жас сарбаздардың ел қорғаудағы рөлі мен жауапкершілігі жайлы әңгімеледі. Подполковник Алмаз Қабиев мұндай жүздесулердің маңызы зор екенін атап өтті.
– Осындай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, Отанға деген патриоттық сезімді күшейтеді, – деді ол.
Шынында да, тарихты кітаптан оқыған бір басқа, ал оны көзімен көрген, өзі бастан өткерген адамнан тыңдау мүлде бөлек әсер қалдырады. Шалданбай ата – сол дәуірдің тірі шежіресі. Оның өмір жолы – төзімнің, адалдықтың және елге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
102 жасқа толған майдангердің шаңырағында айтылған ақ тілектер мен ақ баталар – бүгінгі бейбіт күннің қадірін тағы бір мәрте сездіргендей. Осындай ардагерлердің амандығы – ел үшін үлкен байлық.
