2026 жылғы 13 ақпанда Алматыда алдағы референдум қарсаңында қоғамдық диалогтың маңызды алаңына айналған кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, жаңа Конституция жобасын және оның ел болашағы үшін маңызын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиынға жазушылар, актерлер, суретшілер, шығармашылық одақтардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты - қоғам пікірін қалыптастыратын, сөзі салмақты тұлғалар. Кездесу ресми сипатта ғана емес, мазмұнды әрі ашық форматта өтті.

Ел дамуының жаңа кезеңі
Кездесуді ашқан Аида Балаева елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бастамашы болған, Әділеттілік, Заң және тәртіп қағидаттарына негізделген өзгерістер ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды.

Вице-премьер 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызына ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, бұл таңдау тек бүгінгі буын үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де жауапты шешім болмақ.

Конституциялық комиссия жарты жыл бойы қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық форматта жұмыс жүргізді. Мыңдаған ұсыныс қаралып, олардың елеулі бөлігі құжаттың жаңа редакциясында ескерілген. Қатысушылар мұндай форматты азаматтарды негізгі заңды қалыптастыру үдерісіне кеңінен тартудың үлгісі деп бағалады.

Адам құқықтары - ең жоғары құндылық
Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституция жобасының басты идеясы - адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану.
Преамбулада бірлік пен келісім, этносаралық және конфессияаралық өзара түсіністік, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы секілді мызғымас құндылықтар бекітілген.

Жаңа редакцияда мәдениет пен руханият мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, зияткерлік меншікті қорғау және шығармашылық еркіндігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар конституциялық деңгейде бекітіледі.
Алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма енгізіліп отыр - бұл қазіргі заман талаптарына жауап беретін маңызды қадам.
Мәдениет өкілдерінің пікірі
Талқылауға шығармашылық қауым өкілдері белсенді қатысты. Театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров және басқа да қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдірді.

Олар саланы одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын ұсынып, мәдени саясатты ең жоғары заңнамалық деңгейде бекітудің маңызын атап өтті.
Қатысушылардың пікірінше, алдағы референдум - жай рәсім емес, елдің алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындайтын тарихи сәт.
Кездесу соңында Аида Балаева барша қазақстандықтарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысып, жаңа Конституцияны қолдауға шақырды.
Бүгінде қоғам ел болашағын қызу талқылап жатқан кезеңде осындай ашық алаңдар ұлттық келісімді нығайтудың маңызды тетігіне айналуда. Референдумға шығарылатын мәселе - әр азаматқа ортақ.
Ал бұл таңдау соңғы жылдардағы ең маңызды шешімдердің бірі болары сөзсіз.