ҚазМұнайГаз өндірісті өсірді: Тоқаевқа жаңа жобалар таныстырылды

1243
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық мұнай-газ компаниясының 2025 жылғы жұмысының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлары туралы баяндалды. Кездесу барысында саладағы өндірістік өсім, геологиялық барлау және ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы сөз болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Халықаралық әріптестік кеңейіп келеді

Асхат Хасеновтің айтуынша, өткен жылы шетелдік серіктестермен бірқатар маңызды келісімдер жасалған. Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары бекітілді.

Сонымен қатар Қазақстандағы перспективті учаскелерді зерттеуге бірқатар ірі халықаралық компаниялар қызығушылық танытып отыр: Turkish Petroleum Corporation, BP, Хорват көмірсутегі агенттігі.

Геологиялық барлау қарқын алды

Компания соңғы жылдары бұрын толық зерттелмеген аумақтарды игеруге ерекше назар аударған. 2025 жылы сегіз іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталды. Ал 2029 жылға дейін тағы жиырма төрт ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жалпы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.

Өндіріс көлемі айтарлықтай өсті

Есепке сәйкес, 2025 жылы мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 миллион тоннаға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10 пайызға жоғары. Сонымен бірге көгілдір отын өндірісін ұлғайту жұмыстары да жалғасуда. Қазір Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында жобалар іске асырылып жатыр, нәтижесінде жыл сайын қосымша 2,3 миллиард текше метр газ өндіру көзделген.

Мұнай өңдеу және ірі жобалар

Өткен жылы компанияның үш мұнай өңдеу зауытында 17,5 миллион тонна шикізат өңделді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 13,6 миллион тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 1,2 миллион тоннаға артты.

Президентке сондай-ақ мұнай-газ химиясы мен газ өңдеу саласындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асуы таныстырылды. Жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын бұл бастамалар саланың ұзақ мерзімді дамуына серпін береді.

Маңғыстау облысында «Кендірлі» теңіз суын тұшыту зауыты іске қосылды. Кәсіпорын тәулігіне 50 мың текше метр су өндіруге қауқарлы.

Президент тапсырмасы

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын күшейтудің және ірі инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -