Қазақстан Республикасы ТЖМ ұйымдастыруымен «Жол бер» республикалық акциясы және «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Қарағанды облысында «Аула өрт сөндірушінің көзімен» атты әлеуметтік эксперимент өтті. Іс-шара аула аумақтарындағы тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға және өрт пен арнайы техниканың тұрғын үйлерге кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге бағытталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аулалардағы нақты жағдай тексерілді
Эксперимент барысында азаматтық қорғау қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тексеріп, дабыл сигналына шынайы шығу жағдайын модельдеді. Мамандар өтетін жолдардың енін, кіреберістер мен бұрылыстар маңында тұрған автокөліктерді, өрт сөндіру автоцистернасын орналастыру мүмкіндігін және құрал-жабдықтарды қоюға арналған кеңістікті мұқият қарады.
Тексеру нәтижесінде кейбір аумақтарда ірі техниканың маневр жасауына кедергі келтіретін жағдайлар анықталды, мұндай тосқауылдар төтенше жағдайда уақыт жоғалтуға әкелуі мүмкін екені айтылды.
Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Іс-шара аясында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнама ұйымдастырылды. Азаматтарға көлікті дұрыс тұраққа қою, кіреберістер мен өрт жолдарын бос ұстау, төтенше жағдай қызметтері көлігінің еркін өтуіне жол қалдыру қажеттігі ескертілді.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, қатысушылардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын қолдайтынын, ауладағы тәртіпті сақтау ортақ жауапкершілік екенін және мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.
Өрт қауіпсіздігі — күнделікті тәртіптен басталады
Құтқарушылар тұрғын үйлерге кедергісіз жетуді қамтамасыз ету өрт қауіпсіздігінің міндетті шарты екенін ерекше атап өтті. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру күнделікті тәртіп пен белгіленген талаптарды сыйлаудан басталады.
Мамандардың айтуынша, арнайы техниканың оқиға орнына уақытылы жетуі жедел әрекет ету жылдамдығына тікелей әсер етеді және адам өмірін құтқаруда шешуші рөл атқарады.