Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Өндіріс дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде университет және колледж студенттері арасында үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылды. Іс-шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жарысқа бірнеше оқу орны қатысты
Бәсекеге Еуразия ұлттық университеті, Esil университеті, Астана медицина университеті, «Шипагер» медициналық колледжі, «Тұран» колледжі, Қазтұтыну одағының жоғары колледжі және Республикалық медицина академиясы қатысуға ниет білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир жастарды біріктіріп, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.

«Заң мен тәртіп» бастамасы аясындағы жұмыс жалғасуда
Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбек бұл бастаманың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, «Заң мен тәртіпті сақтау еліміздің тұрақтылығына, ынтымақтастықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жарыс алаңы спортшыларды біріктіреді, жолдастықты нығайтады және салауатты өмір салтының маңыздылығын көрсетеді. 2025 жылы «Заң мен тәртіп» акциясы аясында 35 шара өткен еді. Биыл да ауданымыздағы барлық санатты қамтып, лекция, дөңгелек үстел және т.б түрлі шаралар арқылы ұйымдастырылып жатыр».

Жеңімпаздар плей-офф кезеңінде анықталды
Командалық форматта өткен турнирде қатысушылар екі топқа бөлініп, жеңімпаздар плей-офф кезеңінде анықталды. Жарысқа қатысушылардың бірі, «Тұран» колледжінің студенті Арлан Бисекенов, мұндай сайыстардың тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік беретінін айтты.

«Кішкентай кезімнен бері үстел теннисін ойнап келемін. Осы уақытқа дейін көптеген жарыстарға қатыстым. Мұндай турнирлердің басты артықшылығы — мықты қарсыластармен ойнап, өз деңгейіңді бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қателіктермен жұмыс істеуге жол ашады. Бүгінгі жарыс та жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын», – деді ол.
Жеңімпаздар марапатталды
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және арнайы медальдармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай турнирлер жастардың белсенділігін арттырып, қоғамдағы бірлік пен тәртіп құндылықтарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
