Австралия бапкерлерінің сиқыры: лабораториядан Олимпиада тұғырына дейін

1287
Фотосурет: ©️Жаңыл Әпетова

Олимпиада ойындарының заманауи фристайлында тек физикалық күш емес, ғылым мен технологияның бәсекесі жүріп жатыр. Осы саладағы нағыз «революцияны» жасаған — австралиялық бапкерлер Питер Макниэль (Peter McNiel) мен Кейт Блэми (Kate Blamey). Олардың «жасанды ортада дайындалу» жүйесі бүгінде әлемдік эталонға айналды.

Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиадасында могул жарысы өте тартысты өтті. Бұл сында әлемді таңғалдырған сенсациялық нәтиже тіркелді. Алтын мен күміс жүлденің тағдырын небәрі бір ұпайдың оннан бір бөлігі емес, төрешілердің қосымша көрсеткіші шешті: алтын иеленген Купер Вудс (Австралия) 83.71 ұпай, күміс иеленген Микаэль Кингсбери (Канада) - 83.71 ұпай, қола иеленген Икума Хоришима (Жапония) - 83.44 ұпай жинады.

Купер Вудс пен могул аңызы Микаэль Кингсбери бірдей ұпай жинауын драмалық сәт деп бағалауға болады. Ереже бойынша ұпай тең болған жағдайда бұрылу техникасына басымдық беріледі. Вудстың бұрылу ұпайы жоғары болғандықтан, ол Олимпиада чемпионы атанды.

Милан - Кортина 2026 Олимпиадасының алтын жүлдегері Купер Вудстің жеңісі Австралия үшін де, әлемдік могул үшін де тарихи оқиға болды.

Купер Вудс - Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы Снежные горы  аймағында өскен спортшы. Жасы – 25 те. Купер өзінің агрессивті тебу мәнерімен және трамплиннен секіргендегі ерекше «амплитудасымен» (биіктігімен) танымал. Ол әлемдік могулдың «королі» Микаэль Кингсбериді тақтан тайдырған санаулы спортшылардың бірі. Ол 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында 6-орын алып, үздіктер қатарына енген болатын. Төрт жыл бойы техникасын жетілдіріп, Италияда өзінің ең үздік нәтижесін көрсетті.

Австралиялық могул мектебі соңғы жылдары әлемдегі ең мықты мектептердің біріне айналды. Купер Вудс жеісінен кейін, келесі күні, Джакара Энтони Олимпиада бағдарламасына алғаш рет енген параллельді могул (dual moguls) түрінен алтын медаль иегері атанды.

Суретті түсірген:Жаңыл Әпетова

Ол шешуші кезеңде америкалық Джелин Кауфты 20:15 есебімен жеңіп, Олимпиада тарихындағы осы дисциплинаның алғашқы чемпионы болды. Бұл жеңіс оны Аустралия тарихындағы екі дүркін қысқы Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы жасады (алғашқы алтынын 2022 жылы Бейжіңде алған). Ол биылғы Олимпиаданың ашылу салтанатында Аустралия құрамасының ту ұстаушысы болды. Джакара - әлемдік рейтингтің көшбасшысы. Оның есебінде Әлем кубогының 26-дан астам жеңісі бар. Ол 1998 жылы туған, қазір 27 жаста. Спорттық мансабымен қатар Deakin University университетінде спорттық ғылымдарды зерттейді.

Купер Вудс пен  Джакара Энтонидің жетістігінің артында кәсіби мамандар тұр: Питер Макниэль Австралия құрамасының бас бапкерлерінің бірі. Ол спортшылардың физикалық дайындығы мен психологиялық тұрақтылығына үлкен мән береді. Макниэль Куперді жас кезінен бастап баптап, оның тактикалық қателіктерін түзеуге көмектесті.

Суретті түсірген:Жаңыл Әпетова

Олимпиада чемпиондарының әйгілі теренерлері Питер Макниэль мен Кейт Блэми Қазақстанға жиі келеді. Біз олармен Ливиньода кездесіп, шәкірттерінің жеңісінен кейінгі қуаныштарымен бөлістік.

Кейт Блэми - Австралияның қысқы спорт түрлері бойынша техникалық бапкері. Кейт әсіресе трамплиндегі секірістерді жетілдіруге маманданған. Купердің финалдағы секірісінің мінсіз болуы - осы маманның еңбегі.

Гефф Лайвэй - Австралиялық олимпиадалық делегацияның басшысы және қысқы спортты дамытушы. Ол команданың айналасында ең үздік аналитиктер мен физиотерапевттердің жиналуын қадағалады. 

Бапкерлер «бұрылу техникасына» (turns) баса назар аударған. Могул ережесі бойынша, егер екі спортшының ұпайы тең болса (Вудс пен Кингсбериде болғандай), жеңіс бұрылу техникасы бойынша жоғары ұпай алған адамға беріледі.

Бапкерлердің тактикасы бойынша Купер жылдамдықтан гөрі, төбешіктер арасындағы аяқ жұмысының тазалығына көбірек күш салды. Нәтижесінде, ол «могул аңызын» техникалық көрсеткіш бойынша басып озды.

Купер Вудс - Австралияның могулдан Олимпиада алтынын алған үшінші спортшысы (Алиса Кэмплин мен Джакара Энтониден кейін). Австралиялық могул мектебінің бапкерлер құрамы - қазіргі таңда әлемдегі ең кәсіби және «технологиялық» командалардың бірі.

Питер - Австралияның қысқы спорт тарихындағы аңыз адамдардың бірі. Оның жұмыс істеу стилінің басты ерекшелігі - психологиялық тұрақтылық. Ол бұған дейін де Олимпиада чемпиондарын дайындаған. Оның басты қағидасы: «Спортшы трассада емес, жаттығу залында чемпион атанады». Ол Куперді тек шаңғы тебуге емес, «суыққандылыққа» үйретті. Кингсбери сияқты мықтылармен тең түсу үшін ең алдымен эмоцияны жеңу керек екенін түсіндірді.

Кейт  команданың «миы». Ол заманауи технологияларды қолдану арқылы спортшының әрбір қимылын талдайды. Кейт жаттығу кезінде арнайы датчиктер мен жоғары жылдамдықты камераларды пайдаланады. Купердің трамплиннен секіру кезіндегі денені ұстау бұрышы мен қону сәтін миллиметрге дейін есептеп шыққан. Ерлер могулында әйел бапкердің болуы командаға ерекше тепе-теңдік береді. Ол спортшының физикалық күйінен бөлек, оның ішкі сезімін де дәл тани біледі.

Стив Дезикович (Steve Desovich) - Акробатика королі. Австралия құрамасы көбіне АҚШ-тан келген осы маманмен тығыз жұмыс істейді. Ол Купердің секіріс бағдарламасын күрделендірді. Вудс орындайтын «Cork 1080» (үш айналым) сияқты элементтердің тазалығы - Стивтің қатал бақылауының нәтижесі. Олар қар жауғанға дейін де айлап батутта және суға секіру трамплиндерінде акробатиканы автоматты деңгейге дейін жеткізеді.

Австралияда қар аз болса да, бұл елдің могулшылары қалайша әлемді бағындырып отыр? Питер Макниэль бұл сұраққа күлімсірей жауап берді: «Біз қарды күтіп отырмаймыз. Біз оны лабораторияда және су трамплиндерінде «құрастырамыз». Біздің жүйе - бұл қозғалысты миллиметрге дейін есептейтін жасанды орта. Спортшы қарға шыққанда, оның денесі барлық қимылды автоматты түрде орындайтындай деңгейге жетуі тиіс. Бұл - сиқыр емес, бұл - дәлдік», - дейді Питер.

Австралияда табиғи қар өте аз болғандықтан, бұл бапкерлер «жасанды ортада дайындалу» жүйесін ойлап тапқан. Олар жазда Брисбен қаласындағы арнайы суға секіру базасында жаттығады. Бұл бапкерлер спортшыларды қарға шығармас бұрын, олардың барлық қателігін суға секіру арқылы түзеп үлгереді. Олар интуицияға емес, математикалық есепке сүйенеді. Трассаның қар тығыздығы мен ауа температурасына байланысты шаңғы майын таңдаудың өзі үлкен ғылым. Бұл бапкерлер тобы Куперге Микаэль Кингсберидің видеоларын мыңдаған рет көрсетіп, «аңыздың» әлсіз тұстарын (бұрылыс кезіндегі кішкене қателіктерін) табуды үйреткен. Олимпиада финалында Купер Кингсбериді дәл осы «бұрылыс» бойынша басып озды.

Ал, Микаэль Кингсбери - фристайл-могул тарихындағы ең ұлы спортшы, нағыз «Могул королі». Оның мансабы спорт әлемінде сирек кездесетін тұрақтылық пен шеберліктің үлгісі. Ол төрт Олимпиада қатарынан медаль алған санаулы спортшының бірі (2014 жылы - күміс, 2018 жылы - алтын, 2022 жылы - күміс, 2026 жылы – күміс және парлы могулден алтын).  Ол Әлем Кубогы кезеңдерінде 80-нен астам жеңіске жеткен рекордшы. Оның рекордын жақын арада ешкім жаңарта алмайтыны анық. Көп дүркін әлем чемпионы (жеке және парлы могулдан). Кингсберидің басты қаруы - оның «машина» сияқты жұмыс істейтін аяқтары. Ол төбешіктерден (могулдардан) өткенде денесін қозғалтпай, тек тізесімен жұмыс істейтін ерекше техниканы меңгерген. 15 жылдан астам уақыт бойы әлемдік рейтингтің бірінші сатысынан түспей келеді. Бұл могул сияқты жарақат алу қаупі жоғары спорт түрінде керемет көрсеткіш. Милан-Кортина Ойындарында ол тағы да фаворит болды. Микаэль бала кезінде бөлмесіне Олимпиада шыңын бейнелейтін сурет іліп, оған «Мен чемпион боламын» деп жазып қойған екен. Ол өз арманына толық жеткен спортшы.

Австралиялық чемпион Купер Вудс, аңызға айналған Микаэль Кингсбери және олардың бапкерлері Қазақстанда бірнеше рет болған. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені Алматы қаласы - әлемдік могулдың басты орталықтарының бірі.  «Шымбұлақ» - олардың сүйікті трассасы. Купер Вудс та, Микаэль Кингсбери де Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында өткен Әлем Кубогының кезеңдеріне жыл сайын қатысып тұрады. 

Кингсбери Микаэль өз сұхбаттарында Шымбұлақ трассасын әлемдегі ең жақсы трассалардың бірі деп атайды. Оған әсіресе таудың қалаға жақындығы және жанкүйерлердің ыстық ықыласы ұнайды.

Купер Вудс 2019, 2021 және 2024 жылдары Алматыда өткен Әлем Кубогында бақ сынады. Ол үшін Шымбулақтың тік трассасы Олимпиада алдындағы үлкен дайындық мектебі болды. Австралиялық және канадалық бапкерлер Қазақстанның могул инфрақұрылымын жоғары бағалайды. Австралиялық бапкерлер, Питер Макниэль қазақстандық мамандармен жақсы таныс. Могул - бұл шағын әлем, сондықтан жарыс кезінде бапкерлер бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, трассаның ерекшеліктерін талқылайды.

Кейбір жылдары шетелдік командалар маусым алдындағы дайындықты Алматыда өткізу мүмкіндігін қарастырған. Өйткені Алматының биік таулы климаты Италиядағы (Ливиньо) жағдайға өте ұқсас.

Купер Вудс пен Микаэль Кингсбери біздің спортшылар Павел Колмаков және Юлия Галышевамен жақсы дос. Олар халықаралық жарыстарда үнемі бірге жүреді. Кингсбери бірнеше рет қазақстандық могул мектебінің өте мықты екенін және Колмаков сияқты жігіттерден сескенетінін айтқан.

Бапкер Кейт Блэми де Қазақстанның могул мектебін өте жоғары бағалайды. Ол біздің елді австралиялық технология мен табиғи мүмкіндіктің тоғысқан жері ретінде көреді.

«Қазақстандық спортшылар - біз үшін ең қауіпті әрі ең сыйлы бәсекелестер. Олимпиада ауылында оларды көргенде, бойларындағы сенімділікті бірден байқайсың. Юлия Галышеваның мектебінен шыққан спортшылардың техникасы өте таза. Біз өз технологиямызды мақтан тұтсақ, сіздердің «Шымбұлақ» сияқты базаларыңыз бен тауларыңызға қызыға қараймыз. Шынымды айтсам, біздің жасанды жүйеміз бен сіздердің табиғи базаларыңыз біріксе, жеңілмейтін күш пайда болар еді», - деп ағынан жарылды Кейт.
Питер Макниэль «Қазақстандықтар - могулдың жауынгерлері» дейді. Ол біздің ұлттық құраманың басты ерекшелігін атап өтті: «Мен Қазақстанға барғанда бір нәрсені түсіндім: сіздерде спортқа деген көзқарас өте терең. Спортшыларыңыз тек жүлде үшін емес, елдің намысы үшін аяғына дейін шайқасады. Павел Колмаков пен жас буынның қарқыны бізді әрдайым ізденуге мәжбүрлейді. Біздің австралиялық «лабораториялық» әдістерімізді қазақтың таулы дайындығымен салыстыру - өте қызықты процесс».

Австралиялық бапкерлердің тәжірибесі мен қазақстандық могул мектебінің тоғысуы - спорт әлеміндегі жаңа белес. Олимпиада төрінде Питер мен Кейттің Қазақстан туралы айтқан әрбір сөзінен үлкен құрмет пен достық ниет байқалды. Олардың «сиқыры» тек технологияда емес, өзге елдің жетістігін мойындай білуінде болса керек.

Олимпиада алауы астындағы бұл кездесулер көрсеткендей, Австралияның ғылымы мен Қазақстанның қайсар рухы - әлемдік фристайлдың қос қанаты іспеттес.

Жаңыл Әпетова,

Ливиньо, Кортина-д’Ампеццо, Италия

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -