Олжас Бектенов Астанадағы ЖЭО-3 жұмысының барысын тексерді

1518
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласына жұмыс сапары барысында ЖЭО-3 нысанына барып, Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған жаңа қуат көздерін жаңғырту және іске қосу жөніндегі міндеттері аясында энергетикалық инфрақұрылымның дамуымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

ЖЭО-3 елорданың энергия тапшылығын толық жапты

Премьер-министр табиғи газбен жұмыс істейтін ЖЭО-3-тің негізгі жабдықтарын қарап шықты. Оған биыл жобаның бірінші кезеңін толық аяқтау және екінші кезеңін іске асыру жоспарлары туралы баяндалды. Қазіргі таңда жылу электр орталығы Астанадағы бұрынғы энергия тапшылығын толық жапқан және өсіп келе жатқан қажеттіліктерді ескере отырып, қосымша резерв қалыптастырып отыр.

Станса сағатына 440 Гкал жылу өндіреді, ол Шыңғыс Айтматов көшесі, Ұлы Дала және Тұран даңғылдары бойындағы жаңа тұрғын аудандарға жеткізіледі.

Екінші кезеңде жаңа қуатты қондырғы салынады

Биыл нысанда көмірді резервтік балама отын ретінде пайдалану мүмкіндігі бойынша жұмыстар аяқталады. Бұл үшін жанармай беру жүйесін қайта құрылымдау, теміржол стансасын инженерлік инфрақұрылыммен қосу, сондай-ақ сыртқы және ішкі жолдарды салу жоспарланған.

Жобаның екінші кезеңі аясында жеке инвестициялар есебінен қуаты сағатына 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу көзделген, бұл елорданы тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Елордадағы жылу жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымының қалыпты өтіп жатқанын баяндады. Қаланы сенімді жылумен қамту үшін үш ЖЭО және «Тұран» мен «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары жұмыс істейді. Қосымша «Тельман» газ жылу стансасының құрылысы жүріп жатыр, оны іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Елімізде энергия жүйесінің тұрақтылығы артты

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, биылғы жылыту маусымы тұрақты өтуде. Жөндеу жұмыстары нәтижесінде 17 273 МВт генерация қамтамасыз етіліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары болды. Сонымен қатар 9 жылу орталығы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал 3 орталық «сарыдан» «жасыл» аймаққа көшірілді.

Электр стансаларында 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина жөнделді, 17 мың шақырым электр желілері мен 420 қосалқы станса жаңғыртылды, 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Соңғы үш жылда энергетика саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, электр тапшылығы 29%-ға азайды.

Жаңа қуат көздері іске қосылады

Биыл 2,6 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланып отыр, ал 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаяды. Премьер-министр салалық министрліктер мен әкімдікке ЖЭО-3 жобасын уақытылы аяқтауды және жылыту маусымының тұрақты өтуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Энергетиктер жаңа Конституция жобасын қолдады

Нысанды аралау барысында ЖЭО-3 еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдірді.

«Электр энергетика саласында жұмыс істейтін және басқарушылық білімі бар адам ретінде мен ешбір күрделі жүйе нақты ережелерсіз, тәртіпсіз және бөлінген жауапкершіліксіз жұмыс істей алмайтынын жақсы түсінемін. Энергетикада бұл қуат пен жүктеменің тепе-теңдігі, мемлекетте – өкілеттіктер мен институттардың тепе-теңдігі. Конституция осы жүйенің архитектурасын белгілейді. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттің одан әрі дамуы үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады. Мен Конституцияның жаңа редакциясын елдің тұрақты және әділ дамуының негізі ретінде қолдаймын», — деді «Астана-Энергия» АҚ ЖЭО-3 бас инженері Назымбек Қасенов.
«Еңбек жолымды химия зауытында бастадым, қазір іс жүргізуші болып жұмыс істеймін. Осылайша мен жаңа Қазақстанның энергетика саласына аз да болса үлесімді қосып отырмын. Конституция – еліміздің даму бағытын айқындайтын біздің басты құжатымыз. Конституциялық өзгерістер мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтады және болашаққа сенімді қадам жасауға жол ашады деп санаймын», — деді «Астана-Энергия» АҚ ЖЭО-3 жылу автоматикасы және өлшеу цехының іс жүргізушісі Мария Цыбина.

Премьер-министр 15 наурызда өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -