Тоқаев жапон сумосында топ жарған Ерсін Балтағұлмен кездесті

1067
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны Жапонияда зор жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлды қабылдады. Президент спортшыны өткен жылы Император кубогында «маэгашира» атағын иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» арнайы жүлдесін алуымен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президент спортшының табандылығын атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған марапат балуанның қажырлы еңбегі мен табандылығының нәтижесі екенін айтты. Сонымен қатар Президент шетелде жүріп еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жастардың көбейіп келе жатқанын және мемлекет таланттарды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

«Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Спортшы ел туын танытуды басты мақсат санады

Ерсін Балтағұл Президентке көрсетілген ілтипат үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың жетістігімен Өзіңізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын», – деді балуан.

Балуан мемлекеттік наградамен марапатталды

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсін Балтағұлға алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге жетіп, ел абыройын асқақтата беруіне тілектестік білдірді.

Президент спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -