Қыс мезгілінде автокөліктердің өртену қаупі айтарлықтай күшейеді. Жыл басынан бері еліміз аумағында көліктерде 373 өрт тіркелген. Мамандардың айтуынша, аязды күндері көлікті дұрыс пайдаланбау және техникалық ақаулар мұндай жағдайлардың басты себептеріне айналып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ашық отпен жылыту – ең қауіпті әрекеттердің бірі
Аязды күндері мұздап қалған бөлшектер мен агрегаттарды ашық отпен жылыту әрекеттері автокөліктердің жануына жиі әкеледі. Мамандар көлікті жылыту үшін ашық отты қолдануға қатаң тыйым салынатынын және мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен мүлкіне нақты қауіп төндіретінін ескертеді.

Өрттің негізгі себептері аталды
Автокөліктердің өртенуіне көбіне электр жүйесінің ақаулары, сымдар изоляциясының зақымдануы, жанармай мен майдың ағуы, агрегаттардың қызып кетуі және қосымша электроқұрылғылар орнату кезінде туындайтын қысқа тұйықталу себеп болады. Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану өрт қаупін бірнеше есе арттырады.

Өрт тез таралады
Көліктерде жанғыш материалдардың көп болуына байланысты тіпті болмашы ақаудың өзі от көзімен әсерлескенде өрттің жылдам таралуына және көліктің толық жанып кетуіне әкелуі мүмкін.

ТЖМ автокөлік иелеріне кеңес берді
Мамандар көлік иелеріне қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, көлікті уақтылы техникалық қызметтен өткізу, электр және жанармай жүйесінің жай-күйін тұрақты бақылау, ақауы бар көлікті пайдаланбау, көлікте әрдайым жарамды өрт сөндіргіштің болуы және мұздап қалған бөлшектерді жылыту үшін ашық отты қолданбау қажет.
Мамандар азаматтарды, әсіресе ауа температурасы күрт төмендеген кезде барынша сақ болуға шақырады.