Алматы қаласының Жетісу ауданында көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара қорытындыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үш күн бойы тексерулер жүргізілді
Үш күн ішінде Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлері көші-қон қызметімен бірлесіп, шетел азаматтарының тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындарында нысаналы тексерулер жүргізді.
Іс-шара барысында Қазақстан аумағында болу қағидаларын бұзудың көптеген деректері, сондай-ақ қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер тарапынан заң талаптарын сақтамау жағдайлары анықталды.
Ондаған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Тексеру нәтижесінде 134 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 35 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, ал тағы 15 адам қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Полиция заң бұзушылықтарға жүйелі бақылау жүргізеді
– Көші-қон саласында тәртіп орнату – бұл ең алдымен қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі. Біз шетел азаматтары тарапынан да, олардың ел аумағында заңды болуын қамтамасыз етуге міндетті тұлғалар тарапынан да заң бұзушылықтарды жүйелі түрде анықтаймыз. Әрбір дерекке құқықтық баға беріліп, шаралар қолданыстағы заңнама аясында қабылданады, – деді Алматы қаласы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Полицияның мәліметінше, рейдтік және профилактикалық іс-шаралар мегаполистің басқа аудандарында да жалғасады.