Астанада қаржылық қауіпсіздік бойынша маңызды форум өтті

825
Фотосурет: Gov

Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған қаржылық және цифрлық қауіпсіздік тақырыбында форум өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – алаяқтықтың алдын алу, қаржы сауаттылығын арттыру және заң талаптарын түсіндіру болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Форум «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті

Іс-шара елордадағы №100 мектеп базасында ұйымдастырылды. Оны Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткізді.

Форумға балабақша қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге білім саласының өкілдері мен құқық қорғау органдарының мамандары шақырылды.

Астана қаласы әкімдігінің Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Лаура Әлеуханова мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл қаржылық форум қаржылық пирамида, алаяқтық секілді заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бүгінде күнделікті өмірде мұндай қауіптер кездесіп отыр. Сондықтан әрбір қызметкердің құқықтық және қаржылық сауатының болуы – аса маңызды. Аталған идеологияны жүзеге асыру барысында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен №42, 54, 47, 26, 63, 25 балабақшада 300-ден астам ата-ана қауымымен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар №42 балабақшада Сарайшық ауданы бойынша 50-ден астам балабақша қызметкеріне арналған қаржы сауаттылығы бойынша кездесу өткізілді. Бұл жұмыс қоғамда заңдылықты сақтау, қаржы сауаттылығы деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар деп есептейміз. Білім басқармасы атынан аталған департамент басшылығы өкілдеріне алғыс білдіреміз», – деді Лаура Әлеуханова.

Қандай қауіптер туралы айтылды

Форум барысында мамандар қазіргі таңда кең таралған қаржылық және цифрлық қауіптер туралы түсіндірді.

Қатысушыларға қаржы пирамидаларын тану жолдары айтылды. Дипфейк технологияларын ажырату тәсілдері түсіндірілді. Дропперлік қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселесі көтерілді.

Сондай-ақ халықтың қаржы сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар берілді.

Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді

Астана қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Айжан Аймағанова жаңа заң нормалары туралы айтты.

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың қыркүйек айында Қылмыстық кодекске дропперлік үшін жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізілді. Материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеті дропперлік болып саналады. Көрсетілген қылмысты жасағаны үшін іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына, алынған пайда мөлшеріне қарай мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мысал келтірейік, астаналық студент 10 мың теңге үшін өзінің банк картасын өзге адамға берген. Ол арқылы алаяқтар 150 миллион теңгені аударды. Ал соңында заң алдында кім жауап берді? Әрине, дроппер. Себебі тәжірибеде алаяқтарды табу көп жағдайда мүмкін емес», – деді Айжан Аймағанова.

Мұндай кездесулер не үшін қажет

Мамандардың айтуынша, қаржылық сауаттылық – алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Осындай форумдар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға көмектеседі.

Сонымен бірге цифрлық қауіпсіздік ережелерін білу әр азамат үшін маңызды дағдыға айналып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -