Цифрлық технологиялардың дамуы инвестициялауды бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді етті. Алайда сарапшылардың айтуынша, дәл осы үрдіс интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлерінің көбеюіне де себеп болып отыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық ұсыныстар жиілеген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алаяқтар қалай әрекет етеді
Қазіргі кезде ең кең тараған схемалардың бірі – жалған инвестициялық платформалар. Мұндай сайттар сырт көзге танымал компаниялардың ресми ресурстарынан аумайды. Кейбірі өздерін ірі банктер немесе инвестициялық қорлар ретінде таныстырады.
Алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы белсенді жарнама жасайды. Олар қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде береді. Көбінесе аз ғана сомамен «жылдам пайда» ұсынатынын айтады.
Посттардың астында жалған пікірлер жарияланады. Роликтерде нейрожелілер арқылы жасалған танымал тұлғалардың бейнелері пайдаланылады. Мұның бәрі сенім қалыптастыру үшін жасалады.
Жалған платформаларды қалай тануға болады
Мамандар алаяқтықтың бірнеше айқын белгілерін атап отыр.
Жарнама бейресми аккаунттардан таралады. Сілтеме ресми сайтқа емес, бөгде ресурстарға апарады. «Кепілді жоғары табыс» туралы уәде беріледі. Пайдаланушыны тез шешім қабылдауға итермелейді. Қосымшаны ресми дүкендерден тыс жүктеу ұсынылады.
Өзіңізді қалай қорғауға болады
Сарапшылар азаматтарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді.
Қаржы ұйымының лицензиясын тексеру қажет. Бұл ақпаратты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан көруге болады. Банктер мен компаниялардың ресми сайтында расталмаған жарнамаларға сенбеу керек.
Платформаны толық тексермей тұрып жеке деректерді жібермеу маңызды. Сондай-ақ белгісіз ресурстарға ақша аударудан сақ болу қажет.
Қаржы сауаттылығы – басты қорғаныс
Мамандардың пікірінше, цифрлық дәуірде қаржы сауаттылығы әр азамат үшін маңызды дағдыға айналды. Интернеттегі ұсыныстарға сыни көзқараспен қарау алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы болып саналады.