Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жүйесі жаңа кезеңге өтуде. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы саладағы басты өзгерістер, азаматтардың өтініштері және өндірістік жарақаттануды азайту шаралары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиында әлеуметтік қызметтерді қаржыландырудың жаңа тетіктері, цифрландыру және өңірлердегі нақты нәтижелерге ерекше назар аударылды.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру: жүйе қалай өзгереді
Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін трансформациялау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдар 381 тарифті бекітті. Тағы 73 тариф бойынша жұмыс жалғасуда. Деректер «Е-Собес» цифрлық жүйесіне енгізілді. Қызмет көрсетуге 421 келісімшарт жасалды.
Олардың 115-і үкіметтік емес ұйымдармен жасалған. Ал 306 шарт мемлекеттік мекемелермен рәсімделген.
Дегенмен кейбір өңірлерде шарт жасасу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 22 шартқа қол қойылмаған. Алматы қаласында 15 келісім жасалмаған. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 14-тен шарт жоқ. Атырау және Қарағанды облыстарында 13-тен келісім рәсімделмеген. Түркістан облысында 11 шарт жасалмаған. Жетісу облысында 10 келісім жоқ. Астана қаласында 8 шартқа қол қойылмаған.
Цифрлық бақылау күшейеді
Жаңа қаржыландыру жүйесінде басты назар қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауға аударылмақ.
Ғазиза Иманғали бұл бағыттағы жоспарларды түсіндірді:
«Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялау шеңберінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тиімді бақылау үшін біз ақпараттық жүйелерді денсаулық сақтау және оқу-ағарту дерекқорларымен біріктіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл АӘҚ алушылардың үй жағдайында қызмет көрсетілді деп мәлімделген кезеңде ресми түрде медициналық ұйымдарда немесе шипажайларда болу фактілерін жедел анықтауға мүмкіндік береді».
Яғни болашақта әлеуметтік қызмет көрсету толық цифрлық бақылауға алынады.
1414 орталығына миллионнан астам өтініш түскен
Кеңесте азаматтардың өтініштері де егжей-тегжейлі талданды.
2025 жылы Байланыс орталығына 1 млн 95 мың өтініш түскен. Бірінші желі операторларының штаты 38 бірлікке дейін өскен. Бір өтінішті өңдеудің орташа уақыты 2 минут 49 секундты құраған.
Ең жиі қойылған сұрақтар әлеуметтік төлемдерге қатысты болған. Мұндай өтініштер саны 661 мыңды құрады. Еңбек қатынастары бойынша 51,2 мың сұрақ тіркелген. Жұмыспен қамту мәселелері бойынша 44,4 мың өтініш түскен. Инклюзия тақырыбында 24,3 мың өтініш болған.
Ерасыл Жұманбаев байланыс орталығының рөлін атап өтті:
«Байланыс орталығы азаматтардың мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылының шынайы көрінісін көрсетеді. Тек соңғы үш жылдың ішінде өтініштер саны үш еседен артық өскен. Бұл ретте процестерді оңтайландырудың арқасында мақсатсыз қоңыраулардың үлесі 18,2%-ға дейін төмендеді. Келіп түсетін сұрау салуларды жүйелі талдау негізінде біз цифрлық сервистерімізді жақсарту бойынша тұрақты кезең-кезеңмен жұмыс жүргізудеміз».
Қарағандыда өндірістік жарақаттану мәселесі
Кеңесте еңбек қауіпсіздігі де негізгі тақырыптардың бірі болды.
2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысында 87 тексеру жүргізілді. Соның барысында 56 заңбұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 2 563 560 теңгеге 13 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өңірде 17 өндірістік жарақат фактісі тіркелді. Соның салдарынан 18 адам зардап шекті.
Алдын алу мақсатында облыс кәсіпорындарында 793 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Бұл жұмыстарға 1018 техникалық инспектор тартылған. Сонымен қатар 64 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды.
Министр қандай тапсырмалар берді
Жиын қорытындысында Асқарбек Ертаев әлеуметтік қызметтер жүйесін жедел цифрландыруды тапсырды. Сонымен қатар шарттарды уақытылы жасасу міндетін қойды. Өндірістегі қауіпсіздікті күшейту қажеттігін атап өтті. Азаматтардың өтініштерін тұрақты талдауды жалғастыруды тапсырды.
Министрлік әлеуметтік қолдау саласын толық жаңғырту бағытын жалғастыратынын мәлімдеді.