Аида Балаева қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

506
Фотосурет: Gov

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады. Биыл бұл мерекенің ресми түрде белгіленгеніне 10 жыл толып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Вице-премьер бұл күн ел бірлігі мен татулығын айшықтайтын ерекше мереке екенін атап өтті.

Мейірім мен құрметке үндейтін мереке

Аида Балаева Алғыс айту күнінің мәніне тоқталды.

«Көктеммен бірге келетін бұл шуақты күн – халқымыздың татулығы мен тұтастығын айқындайтын айрықша мереке. Тағылымы терең, мазмұны мәнді мереке бізді мейірім мен өзара құрметке, ізгілік пен шынайы сыйластыққа үндейді. Ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, қастерлі отанымыздың гүлденуіне үлес қосып келе жатқан әр азаматтың еңбегі ерен, қызметі бағалы».

Бірлік – ел дамуының негізі

Вице-премьер туған жерге деген сүйіспеншілік қиын кезеңдерді еңсеруге күш бергенін айтты.

«Бүгінде ұлтына, дініне, тіліне қарамастан, баршамызды бір тағдыр, бір мақсат – елдің өркендеуі жолындағы ортақ мұрат біріктіреді».

Ол осы күні кәсіби әрі азаматтық борышын абыроймен атқарып жүрген барлық қазақстандықтарға ерекше алғыс білдірді.

Жаңа Конституция – жаңғырудың негізі

Аида Балаева еліміздің жаңғыру кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

«Жаңа Ата заң еліміздің дамуына тың серпін беріп, мемлекетіміздің мызғымас құндылықтарын, яғни азаматтардың әл-ауқаты, бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, әділдік пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік береді».

Ізгі тілектер

Вице-премьер құттықтауын ақжарма тілектермен аяқтады.

«Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, толайым табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін. Алғыс айту күні бізді жақсы істер мен ізгі мақсаттарға жетелесін! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, ырыс-берекеге толсын!»

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -