Депутат Мұрат Әбенов: Тіл мәселесін ушықтыруға болмайды

1507
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: facebook.com/murataben/

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа Ата заң жобасының 9-бабының 2-тармағында көзделген мемлекеттік мекемелерде орыс тілін қазақ тілімен қатар қолдану нормасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оның айтуынша, қоғамда бұл мәселе қызу талқыланып жатқанымен, көп жағдайда норманың мәні дұрыс түсіндірілмей отыр.

Құжатқа қолжетімділік – азамат құқығы

Депутат елдегі ересек тұрғындардың бір бөлігі қазақ тіліндегі ресми мәтіндерді толық оқи алмайтынын атап өтті.

«Бұл азаматтар да осы елдің тұрғындары. Соның ішінде басым бөлігі жасы үлкен қалалық тұрғындар. Олар кеңес заманында туып-өскен, орысша оқыған. Осы азаматтар мемлекеттік ұйымдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына барып, орыс тіліндегі құжатты талап етуге құқылы. Біз олардың талабын орындауымыз керек. Қазақша оқи алмайтын болса, басқа не істейміз? Олар да өз еліміздің азаматтары емес пе?» – деді ол.

Қазақ тілі – жалғыз мемлекеттік тіл

Мұрат Әбенов Конституциядағы тіл мәртебесіне қатысты түсіндірме берді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – жалғыз қазақ тілі. Ал Ата заңымыздың жаңа жобасында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады», – деді депутат.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметкерлерден орыс тілін міндетті түрде білу талап етілмейтінін, алайда халыққа қызмет көрсету үшін екі тілді меңгерген мамандардың болуы қажет екенін айтты.

Қазақ тілінің даму динамикасы

Депутат соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолданысы айтарлықтай артқанын атап өтті:

  • мектепке баратын балалардың 90 пайызы қазақ сыныбын таңдайды
  • түлектердің шамамен 75 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады
  • бұл көрсеткіш 15 жыл бұрын 50 пайыздан аспаған

Оның сөзінше, бұл қазақ тілінің қоғамдағы орны тұрақты түрде күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

«Қоғамда іріткі туғызуға жол бермеу керек»

Мұрат Әбенов тіл мәселесін саясиландыру қауіпті екенін ескертті.

«Қазіргі таңда тіл мәселесі елімізде біртіндеп шешіліп келе жатқанда орта жолдан жағдайды ушықтырып, шу шығармау керек… Кейбір мемлекеттер осы тілге байланысты бір-бірімен қақтығысқа түсіп, өзара соғысып жатқанын көріп отырмыз», – деді ол.

Депутат қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтау басты міндет екенін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -