Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт ушығуы мыңдаған туристі әуежайлар мен қонақүйлерде амалсыз кідіртіп қойды.
Олардың арасында Біріккен Араб Әмірліктерінде, Катарда, Сауд Арабиясында, Иорданияда және өзге де аймақ елдерінде жүрген қазақстандықтар бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әуе кеңістігінің жабылуы, рейстердің тоқтатылуы – бәрі күтпеген жерден болды. Алайда дәл осындай сәтте мемлекеттер, әуе компаниялары, банктер мен ұялы байланыс операторлары шұғыл қолдау шараларын іске қосты.
Қазір кім, қалай көмектесіп жатыр?
БАӘ: үш тәулікке дейін тегін қонақүй
Біріккен Араб Әмірліктерінің екі әмірлігі — Абу-Даби мен Рас-эль-Хайма — рейстер тоқтағандықтан елден шыға алмай қалған туристердің қонақүйде тұру шығындарын өз мойнына алды.
Тегін орналастыру мерзімі – үш тәулікке дейін.
Ең бастысы — туристер ақшаны өз қалтасынан төлемейді. Қонақүй шоттары тікелей жергілікті билікке жіберіледі.
Ал Дубай мен Шарджа әзірге мұндай шара жариялаған жоқ.
Белгісіздік жағдайында ең үлкен мәселе – баспана. Сондықтан бұл шешім көптеген қазақстандық үшін үлкен демеу болды.
Kaspi.kz: күн сайын ақша аударып жатыр
Kaspi.kz өз клиенттеріне қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.
Kaspi Travel арқылы тур немесе әуе билетін сатып алып, қазір Таяу Шығыста жүрген клиенттерге Kaspi Gold картасына күн сайын ақша түседі:
- 35 000 теңге — әр ересек адамға
- 15 000 теңге — әр балаға
Қаражат автоматты түрде аударылады.
Бұл – жай ғана қолдау емес. Көптеген отбасы үшін тамақ, көлік, күнделікті шығындарды сабырмен өтеуге мүмкіндік беріп отырған нақты көмек.
Компания туристермен байланыста болып, жағдай бойынша кеңес те беріп отыр.
Байланыссыз қалмау: тегін роуминг
Мұндай жағдайда ең маңызды нәрсенің бірі — байланыс.
Kcell (Kcell және activ брендтері), Tele2 және Beeline Қазақстан абоненттеріне 7 күнге тегін роуминг пакетін қосты:
- 1 ГБ интернет
- 10 минут қоңырау
Пакет Иран, Иордания, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Ливан, Бахрейн және Израиль аумағында жұмыс істейді.
Дағдарыс кезінде мобильді байланыс — жай ғана ыңғайлылық емес. Бұл – ақпарат алу, туыстармен хабарласу, авиакомпаниялармен байланыста болу үшін өмірлік маңызды құрал.
Air Astana және өзге тасымалдаушылар: жолаушыларды қонақүйге орналастырып жатыр
Әуе компаниялары да жауапкершілікті өз мойнына алды.
Air Astana және өзге тасымалдаушылар рейсі тоқтатылған жолаушыларды уақытша орналастыру жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
Қазіргі дерек бойынша:
- 174 жолаушы – Дохада
- 231 жолаушы – Алматы–Дубай рейсі бойынша (Дели арқылы)
- 330 жолаушы – Дубайда
Оларға қонақүй, тамақ және қажетті көмек көрсетілуде.
Қазақстандықтар қашан оралады?
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі әуе кеңістігі ашылған бойда қайтару рейстері орындалатынын мәлімдеді.
Тасымалдаушылар қауіпсіз балама бағыттарды қарастырып жатыр. Негізгі мақсат — азаматтарды мүмкіндігінше тез әрі қауіпсіз елге жеткізу.
Қазір басты міндет — адамдардың қауіпсіздігін, байланысын және ең қажетті тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету.
Ең бастысы – қазақстандықтар жалғыз емес
Иә, жағдай күрделі әрі динамикалық. Бірақ бір нәрсе анық: шетелде қалған азаматтар жалғыз қалмады.
Тегін қонақүйлер, күн сайынғы төлемдер, роуминг пакеттері, жолаушыларды орналастыру, балама бағыттарды дайындау — мұның бәрі дүрбелеңсіз күтуге мүмкіндік беріп отыр.
Егер сіз немесе жақындарыңыз Таяу Шығыс елдерінде болса:
- авиакомпаниялармен байланыста болыңыз
- туроператорлармен хабарласыңыз
- консулдық қызметтердің ресми мәліметін бақылаңыз
Біз жағдайдың дамуын бақылауды жалғастырамыз.