Микро және шағын бизнеске өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады

1034
Фотосурет: pressfoto/freepik.com

Бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасын есептен шығару Ережелері бекітілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл шара қарыз жүктемесін азайтуға және негізгі салық берешегін ерікті түрде өтеуді ынталандыруға бағытталған. Аталған шара жеке тұлғаларға қолданылмайды – деп Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кімдер есептен шығаруды пайдалана алады?

1 қаңтар 2026 жылғы жағдай бойынша микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері санатына жататын тұлғалар есептен шығаруға құқылы.

Есептен не шығарылады?

2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында берешек сомасы толық өтелген жағдайда мынадай сомалар есептен шығарылуға жатады:

  • 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дербес шотта тіркелген өсімпұл;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап төленген күнге дейін берешек сомасына есептелген өсімпұл;
  • салықтық құқық бұзушылықтар үшін салынған және 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есептелген айыппұлдар;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша төлеу мерзімі белгіленген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау кезіндегі өсімпұлдар мен айыппұлдар;;
  • ҚҚС бойынша есепке тұрмағаны үшін айыппұлдар (ӘҚБтК-нің 275-бабы 5-бөлігі, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған айналымдар бойынша).

Басты шарт

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған негізгі берешек (қарыз) сомасын толық өтеу міндетті шарт болып табылады.

Негізгі қарыз өтелмеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жүргізілмейді.

Өтініш беру қажет пе?            

Көп жағдайда есептен шығару дербес шоттарға жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.

Өтініш тек мына жағдайларда - міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау кезінде қажет:

  • төлеу мерзімі өзгертілгенде (кейінге қалдыру/бөліп төлеу);
  • оңалту және банкроттық рәсімдері кезінде.

Есептен шығарылмайды:

  • кәсіпкерлік қызметке байланысты емес жеке тұлғалардың өсімпұлдары мен айыппұлдары;
  • микро және шағын бизнес субъектілеріне жатпайтын міндеттемелер.

Маңызды!

Есептен шығару берешек өтелген салық түрі бойынша жүргізіледі.

Айыппұл ішінара төленген жағдайда есептелген және төленген сома арасындағы айырма есептен шығарылады.

Есептен шығару құқығымен берешекті өтеу мерзімі - 2026 жылғы 31 наурызды қоса алғанға дейін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -