3784
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Бір сыныптан басталған достықтың әскери сапта жалғасуы – жүрекке жылу сыйлайтын ерекше оқиға. Бүгінде 5573 әскери  бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлер Бауыржан Мырзағали, Руслан Сман және Мұрат Дүйсентай – мектеп табалдырығын бірге аттаған сыныптас. Бірі 1-25, бірі 2-25 шақырылымымен келгенімен, оларды біріктіретін ортақ тарих – балалық шақтан басталған адал достық.

Үш дос 1-сыныптан бастап бір сыныпта оқыды. Алғаш мектепке барған күнгі толқу, жаңа ортаға бейімделу, алғашқы ұстаздың ақыл-кеңесі – бәрі де олардың ортақ естелігіне айналды. Бір партада қатар отырып, бірге сабақ оқып, үзілісте асыр салып ойнаған сәттер достықтың іргетасын қалады. Мектеп қабырғасында өткен жылдар олардың мінезін қалыптастырып, бір-біріне деген сенімін нығайтты. Әсіресе дене шынықтыру сабағында үшеуі үнемі алдыңғы қатардан көрінетін. Спорт алаңында бірге жүгіріп, жарыстарға қатысып, жеңіске ұмтылған сәттер жігерлерін жанып, төзімдерін арттырды.

Руслан Сман досы Бауыржан Мырзағалидың ақкөңілдігін ерекше бағалайды. Ашық мінезі мен шынайылығы оны әрдайым ортасына сыйлы ететін. Ал Мұрат Дүйсентай сабырлығымен, байыптылығымен ерекшеленетін. Қандай жағдайда да асықпай шешім қабылдап, достарына тірек бола білетін қасиетімен көзге түсетін. Үшеуі бір-бірін толықтырып, мектепте ажырамас үштікке айналды.

1-25 шақырылыммен әскерге алғаш аттанған Бауыржан мен Мұрат үшін бұл үлкен жауапкершілік кезеңі болды. Олар ата-анасының үмітін ақтап, ер азамат ретінде қалыптасудың жаңа белесіне қадам басты. Әскерге бару – тек борыш өтеу емес, нағыз тәртіп мектебі екенін терең түсінді. Алғашқы күндері туған жерден жырақта болу оңайға соқпады. Қатаң тәртіп пен жаңа ортаға бейімделу шыдам мен төзімді талап етті. Дегенмен екеуі бір-біріне демеу болып, әскери өмірдің ырғағына тез бейімделді.

Кейін 2-25 шақырылыммен Руслан Сман да осы бөлімге келетінін естігенде, Бауыржан мен Мұрат ерекше қуанды. Балалық шақтың досы енді әскери ортада да жанынан табылатыны оларға күш берді. Бөлімге келген Русланға аға шақырылым сарбаздары ретінде бағыт-бағдар көрсетіп, тәртіпке бейімделуіне көмектесті. Өздерін оған үлгі болуға міндеттіміз деп сезінді. Себебі аға буын сарбаз ретінде жауапкершіліктері артқан еді.

Ал Руслан үшін бөлімге келген сәттен бастап өзін сенімді сезінуінің бір себебі – жанында екі бірдей сыныптасының болуы еді. Бауыр­жанның жігері мен Мұраттың сабырлылығы оған ерекше қолдау болды. Бұрынғы сыныптастар енді әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі сарбаздар ретінде бағыт көрсетіп тұрды. Ол оларды аға ретінде қабылдап, әскердегі сыйластық пен тәртіптің маңызын терең түсінді.

Үшеуінің пікірінше, аға және кей­інгі шақырылым арасындағы қарым-қатынас ең алдымен өзара құрмет пен түсінікке негізделуі тиіс. Әскердегі достық – жай ғана қарым-қатынас емес, сенім мен жауапкершілікке құрылған берік байланыс. Бірге сапта тұру, ортақ міндет атқару, қиындықты қатар еңсеру олардың достығын бұрынғыдан да бекемдей түсті. Бүгінде олар бір-бірін туған бауырдай көреді.

Бір жылдық қызмет аяқталған соң да бұл достық одан әрі жалғасатынына сенімді. Себебі оларды тек мектеп партасы ғана емес, әскери сап та біріктіріп отыр. Балалықтан басталған байланыс Отан алдындағы борышты өтеу жолында шыңдалып, шынайы ер азаматтық достыққа айналды.

Лейтенант Әйгерім Балтабаева 5573 әскери бөлімінің корреспонденті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -