Берендей — берік бүрімді жауынгер

3498
Фотосурет: Ұлттық ұлан

«Шығыс»  өңірлік қолбасшылығына  қарасты 5512  әскери бөлімінде ерлермен қалыспай, иық тіресе үзеңгі қағыстырып,   қалтқысыз абыроймен қызмет атқарып  жүрген әйел әскери қызметшілер  жетерлік. Құқықтық-тәртіп әскерінде баршаға  ортақ  темір  тәртіп  пен  жауынгерлік  даярлыққа  иіні  жаншылып,  бұғанасы  майыспай, керісінше Ұлттық ұлан сапында қанатын  қомдаған  қаршығыдай  ширай түсіп,  бүгінде  үлгілі  офицер,  білікті  маманға  айналған   аға лейтенант  Дана Сағындыққызы. Кезекті кейіпкеріміз  Павлодар  қаласының  қауіпсіздігін  қадағалайтын әскери бөлімде  өмірлік  жарын  жолықтырып,  өскелең өңірде  өрімтал  ұрпақ  өрбітуде.  Олай болса,   әскери салада  жиырма жылға жуық еңбек етіп жатқан     бұрымды  жауынгермен   сүбелі сұхбат құруға тырыстық.

-  Келе  жатқан  мерекеңізбен!  Сіз  құқықтық-тәртіп  әскерінін қатарынан  қалай  табылдыңыз?   Кеше  ғана  оқу  бітірген  талдырмаш бойжеткен  үшін  тастай  берік  әскери  қызметті  таңдауға  не түрткі болды?

-  Мен үшін  Отанға  қызмет  ету  -  бұл жүректің  таңдауы.  Ұлттық  ұланның  сапында болу – ел тыныштығына  үлес қосу деген сөз деп түйсінемін.  «Елдің амандығы  - ананың  алақанындағы  дұғадай қастерлі» деп тегін айтпаса керек. Міне,  мен осы  аманатқа  адал  болғым  келеді.  Дана халқымыз  «алдыңғы  арба  қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді», -деп бекер айтпаған екен. Бұл пайымның астарында үлкенге қарап бой түзеуді және тәлім-тәрбиесін бойға сіңіруді сонымен қатар діл пен дәстүр сабақтастығын білдірсе керек. Ата-анамның тұңғышы, әпкем запастағы старшина  Жұмагүл  Сағындыққызы  Курчатов  қаласындағы 3514  әскери  бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарып, бүгінгі таңда зейнет жасына жеткен. Мемлекет үшін аса маңызды нысандарды  күзететін  әскери бөлімдегі  әпкемнің  қызметіне  жас өрім шағымнан қызығушылық таныттым.  Бала  күнімде  сол кісінің киім үлгісі  көз жауымды алатын. Үйіне шешеммен еріп қонаққа барғанымда әпкемнің керек емес ұсақ-түйек заттарын маған беруін өтінетінмін. Апайым да менің жанарымнан әскер әлеміне деген ұшқынды байқап, бір дорба түлі заттар салып беретұғын. Анамнан бір күні қатты ұрыс естіген едім. Базардан сол кезде әжептәуір бағаға сатып алып келген көйлектің төсін жұлдызды белгілермен тесіп, жабыстырып қойғаным бар. Осылайша айнаға қарап,  өзімді  әскер адамы ретінде сезінген едім. Қателеспесем, бірінші  сынып оқыған кезім ғой деймін.  Су жаңа көйлектің көркін кетіріп, тесіп тастады деп біздің үйде бір шу болған еді.(жымиып) Өзімді кей кезде бой жеткенде сапта тұрғандай елестетінмін. Әу басында әпкемдей болу маған құдды бір қол жетпес аласармас армандай еді, алайда  бой жете келе арманына жету үшін қарышты қадамдарға бардым. Талпындым. Артында мірдің оғындай ақық сөздері қалған ақылгөй кешегілер «Армансыз адам - қанатсыз құспен тең» деп қалайша тауып айтқан.  Міне, менің арманыма  қанат  бітірген әпкем болды.  Міне, бүгін мен де 5512 әскери бөлімінде талай жылдар бойы табанды қызмет атқарып келемін. Сондықтан менің таңдауым кездейсоқтық емес, естияр сәттен бастап межелі мақсат қойып, әскери қызметші болуға бесенеден білек түріп,  селқостық емес,  іждағаттылық танытып, нәтижесінде төгілген тер жемісін берді.

-  Әскердегі  алғашқы  күніңіз  есіңізде ме? Қандай әсер алдыңыз?

- Әрине, есімде. Бір мезетте қорқыныш пен мақтаныш сезімдерін қатар сезініп, қатты толқыдым. Алғаш сапқа тұрған сәтте жүрегім  дүрсілдеп, аласапыран  ішкі сезімдер  арпалысып жатты.  Алғашқы  сабаққа таралым, сап түзеген  әскерилер, оркестр үні ерекше әсер қалдырды. Сол сәтте  әскер саласын таңдауға деген сенім нығая түсті және де «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөздің мәнін осы шақта санама сіңіріп, тұла бойымнан өткізіп,  терең түсіндім. Әсіресе, әскери қызметші үшін семсер сүйіп  серт  берген  әскери  анттың  маңызы  өте зор. Ант – әскери  адамның ішкі темірқазығы  деп білемін. Ол  шаршаған  сәтте жігер береді, күмән туындаған кезде бағыт көрсететін,  буалдыр шақтан жол ашатын темірқазық рәуіштес. Ұлт көшбасшысы  Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес, мінезден.  Мінезді болыңдар! Жер-Отан! Сол жер үшін әр қазақтың қаны мен тері төгілген! Жердің үстіндегі барлық игілік қазақ ұлтына қызмет етуі керек!  Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалауы керек! Отанды сату ұлтты сатумен бірдей! Басымызға қандай күн туса да қазақ еліне қызмет етуге ант етемін!», -деген сөзі менің өмірлік ұстанымыма айналды.  Антқа адалдықты   арға адалдыққа пара-пар деп білемін

- Қойылған сауалға берген жауаптарыңыздың  әрбірі  афоризмге толы. Қанатты сөздерді көп  оқисыз ба? Бұл  қазіргі атқарып жүрген лауазымыңыз бен міндеттеріңізге  байланысты ма?

- Мен 5512 әскери бөлімінің  тәрбие  және  әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі  бастығының  мемлекеттік  тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі лауазымында  қызмет  атқарамын.  Мемлекеттік тіл – елдіктің тірегі.  Міндетім  мемлекеттік тілді  дамыту, оның қолданыс аясын кеңіту, өзге ұлт  өкілдеріне мемлекеттік тілді  үйрету, тілдік мәдениетті арттыру,  қазақ халқының ұлы тұлғалары, ақын-жазушылары  жайлы  тақырыптық,  әдеби кештер,  дөңгелек үстелдер өткізу, конференцияларға  қатысу,  әскери бөлімнің  аумағындағы  қабырға  басылымдарының, көрнекі құралдардың құжаттаманың  ҚР «Тілдер туралы»  Заңына сәйкес  рәсімделуін тексеру болып таьылады.  Сондықтан  мемлекеттік тілдің айбынын асыратын іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында ұлы ойшылдардың, ұлт қайраткерлерінің қанатты сөздеріне жүгінемін. Өйткені, ол өтетін іс-шараның құндылығын арттырып ғана қоймай, кез келген жиыннның салиқалы да салмақты өтуіне жол ашады. Өмірде де адамгершіліке, адалдыққа, еңбекке, әділеттіклікке, батылдыққа баулитын қанатты сөздер өзің де шыңдай түседі. Мүмкін, сондықтан болар әр сөзіміз  афоризмге толы.

- Мемлекеттік тілді дамыту бағытында әскери бөлімде не істедіңіз? Қандай нәтижемен бөлісе аласыз?

- Мемлекеттік тілді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқардым. Ең алдымен, қызмет барысында  іс-қағаздарды мемлекеттік тілді жүргізуге мүмкіндігінше үлес қостым. Қызметтестеріме ресми құжаттарды қазақ тілінде сауатты толтыруға көмектесіп,  терминдердің дұрыс қолданылуына мән бердім. Сонымен қатар, жеке құрам  арасында қазақ тілінде еркін сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға ат салыстым. Күнделікті саптық дайындықта, жиналыстарда және  тәрбие сағаттарында  мемлекеттік тілде сөйлеуді қолдап,  өзгелерді де қазақ тілінде пікір алмасуға  ынталандырдым. Қазақ тілін жетік білмейтін әскерилерге  қолдау көрсетіп, түсінбеген сөздері мен сөз тіркестерін түсіндіріп, тілдік қолдау көрсеттім. Мерекелік және тәрбиелік іс-шараларда да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш салдым. Мәселен, мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шараларды қазақ тілінде жүргізуге қатысып, патриоттық өлеңдер мен баяндамаларды қазақ тілінде дайындадым. Бұл әскерилердің тілге деген құрметін арттырып, ұлттық рухты нығайтуға ықпал етті.  Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Ақын, жазушылардың өлеңдерін оқу» челленджін ұйымдастырдым. Мысалға, биыл атаулы даталар бойынша ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, жыр алыбы  Жамбыл Жабаевтың  сынды тұлағалардың өлеңдері оқылды, әдеби-музыкалық кештер ұйымдастырдым, оқырман конференциясына қатыстық. Бұл бастама әскерилердің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілде еркін әрі көркем сөйлеу дағдысын дамытуға оң әсерін тигізеді. Жыл сайын Ұлттық ұланның әскери  бөлімдерінің арасында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткізілетін «мемлекеттік тіл- менің тілім», мамандар арасында  «Үздік маман» атты байқау-конкурстарына қатысамыз. Осылайша,  әскер  қатарында  жүріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның күнделікті қолданысын кеңейтуге және әскерилердің тілге деген жауапкершілігін қалыптастыруға өз үлесімді қосудамын.

-  Әскери қызметтің  сіз  үшін  ең жауапты тұсы қандай?

- Отан алдындағы  антқа адал  болу, жеке  жауапкершілікті сезіну. Әскер - тек тәртіп пен  бұйрыққа  бағыну ғана емес,  ол сеніп тапсырылған қару-жараққа,  техникаға,  лауазымдық  міндетке  және  ең бастысы,  жеке құрамның  қауіпсіздігіне  жауап  беру.  Әрбір  тапсырманы орындау кезінде саналы бастама  таныту,  қателікке  жол бермеу  аса маңызды, әскери саладағы  кез келген ұқыпсыздықтың арты үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан тәртіп және  салқынқандылық  -  мен үшін ең жауапты қырлардың бірі. Сонымен қатар,  әскери қызметтің  жауапты  тұсы - ұжымдық бірлік.  Әскерде  сен  тек өзің үшін ғана емес, қасындағы қаруласың үшін де жауап  бересің. Бір адамның салғырттығы бүкіл бөлімшенің жұмысына әсер етуі мүмкін.  Сондықтан  өзара  сенім мен қолдау, тәртіп пен ұйымшылдық ерекше маңызға ие. Тағы бір маңызды жауапкершілік - қызметтестеріне үлгі болу. Өз іс – әрекетіммен, сөйлеу мәдениетіммен,  қызметке деген көзқарасыммен өзгелерге оң ықпал ету -  мен үшін үлкен жауапкершілік.

- Қызмет барысында  есте қалған ерекше оқиғалар бар ма?

-  Ондай оқиғалар көп. Он тоғыз жыл бойы қызмет атқару барысында  соқа басымыздан не өтпеді дейсің?   Әскерге  алғаш  кірген  кезде инженерлік  даярлықтан  сабақ  өтіп,   жертаса қазған кездер  болды.  Әйел адам үшін жертаса қазу таңсық дүние ғой. Маңдайдан  тер сорғалап,  жер қатты,  күш жетпейді, тұрып қазуға болмайды,  шамам келгенше тырысып баққан едім.  Тағы бір оқиғамен бөлісе кетейін, қызметке жаңа кірген кезде жоғары тұрған штаб  бөлімнің жауынгерлік  әзірлігін  тексерген едім.  Ол шақта  әйел әскери қызметшілер кезекші қызметті ауыстыратынбыз.  Яғни бақылау-өткізу пунктіне кезекшілікке түсетінбіз. Сонда әскери бөлімнен шыққан техниканың санын санаудан жаңылысқан кездерім де  болды.  Ерекше есте қалған оқиға саптық байқауға  дайындық еді,  күртешем, яғни бушлатым үлкен, әрі өте кең  болғандықтан демалыс күні тігіншіге  шақ қылып тігіп берсін деп, тапсырған едім.  Бұрын  әскери айырым белгілері  иық тұсына тігілетін. Күртешені алған кезде өзіме құйып қойғандай шақ келіп тұрғандықтан, күртеше женін тексермеген едім. Дүйсенбі күні саптық байқауда сыртқы пішінді тексеру кезінде тексеруші тұлға «әскери шеніңіз» қайда деп, ескерту жасалды маған. Мен дым түсінбеймін, өткен жолы ғана болған еді, қайда кетті деп ішімнен ойлап қоямын. Бір кезде тексеруші тұлға күліп жіберді, сіз күртешенің женін орындарымен ауыстырып қойыпсыз  ғой деп. Сол кезде жаман ұялған едім. (мырс күлді. Төбеден әлдене іздегендей ) Тағы  бір ерекше есте қалған сәт-мемлекеттік тілді насихаттауға арналған шарада орын алды. Наурызнама онкүндігі  аясында сарбаздармен бірге облыстық кітапханаға арнайы барып, мерекелік іс-шараға  қатысқан едік. Бұл күн ерекше әсерге толы болды. Кітапханада ұйымдастырылған рухани кездесуде амал мерекесі «Көрісу күніне» сарбаздарды дайындап апарған болатынмын. Сол шараға шаһарымыздың ақсақалдар мен аналар кеңесі қатысқан болатын. Сарбаздар әжелермен көрісіп, ақ баталарын алды, ұлттық дәстүрді дәріптеп, «Қара жорға» биін биледі. Көрермендер  ерекше ықыласпен қабылдап, қолдау көрсетті. Сонымен қатар, ауылдарды аралап, ән шырқап, Наурыз мерекесінің шаттығын халықпен бірге бөлістік. Ұрпақтар сабақтастығын сезіндірген бұл сәт бәрімізге ерекше жылулық сыйлады.Үлкендермен кездесіп, батасын алу, ұлттық  би мен ән арқылы елге құрмет көрсету-жас буын үшін үлкен тәрбие болды, өздері де дән риза болды. Бұл шара әскери ортада рухани құндылықтардың  да  маңызды  екенін көрсетті. Айта берсем, есте қалған қызықты оқиғалар өте көп. Әзірше, осымен шектелейік.

-   Ер адамдармен  иық  тіресе қызмет ету қаншалықты қиын немесе қызық?

-  Ер адамдармен иық тіресе қызмет  ету- әрі  жауапты,  әрі қызықты тәжірибе деп айта аламын.  Бірақ, әйел қырық шырақты  екенін естен шығармаған жөн. Әскери ортада басты өлшем нәзіктік емес, біліктілік, жауапкершілік. Ортақ мақсат  бар жерде гендерлік айырмашылық екінші  орында тұрады. Егер өз ісіңе жауапкершілікпен қарап, міндетіңді сапалы орындасаң, жынысқа қарамай кәсібилік  бағаланады. Әскери  ортада барлығы ортақ мақсатқа жұмыс істейді, сондықтан басты өлшем –тәртіп, кәсібилік және сенімділік. Ер азаматтармен  қызмет  ету мені шыңдады, батылдыққа, жылдам шешім қабылдауға және сенімді болуға үйретті. Сонымен қатар, мұндай ортада қолдау мен серіктестік ерекше сезіледі. Қиын тапсырмалар кезінде бір-бірімізге сүйеніп, ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істейміз.Бұл сенімділік пен сыйластықты арттырады.  Қызығы- мұндай ортада мінез қалыптасады. Ер азаматтармен  қатар  қызмет  ету  бәсекелестік рухын оятып,  өзіңді  үнемі  дамытып,  отыруға ынталандырады.  Әр тапсырмада  өз қабілетіңді  дәлелдеуге,  жауапкершілікті  тең дәрежеде  көтеруге тырысасың. Сонымен бірге, әскери  ұжымда бауырмалдық сезімі ерекше, себебі біз жауынгерлік  жанұядай  ұйысқан  ұжымбыз. Қиын сәттерде бір-бірімізге тірек боламыз.  Уақыт  өте  келе бұл айырмашылық емес, керісінше бірлік маңызды екенін түсінесің. Әскери формада  –  әйелді  қатал  етпейді,  керісінше оның ішкі қуатын ашады. Ол  әйелге сенімділік, жинақылық және қайсарлық  береді. Ол әйелдің тек нәзік емес, рухы мықты жан екенін айқындайды. «Сыртқы тәртіп-ішкі тәртіптің көрінісі, форма-тәртіптің айнасы»-деп бекер айтпаса керек.  Форма  арқылы  сен  өзіңнің  әлсіз емес, керісінше жауапкершілікті көтере алатын тұлға екенінді сезінесің.  Қоғамда  әскерилерге деген көзқарас ерекше, себебі ол ел тыныштығы үшін  еңбек етіп жүрген азамат.  Бұл өз кезегінде мақтаныш  сезімін оятады.  Басқа  қалаларды  қайдам,  Павлодар қаласында әскерилерге деген  құрмет  ерекше.  Егер әскери   киіммен көлік жүргізіп  бара  жатсаң,  жол сақшылары да ұсақ құқықбұзушылықтар орын алса көз жұма қарай салады.  Мүмкін, ол әскери әйел адам болған соң шығар? (өзіне-өзі сұрақ  қойды)  Әйтеуір,  әскери  киім   Павлодардағы әскери қызметшілер үшін  құрметтің эталоны  іспеттес.

Әйел әскери қызметшінің  басты  ерекшелігі  неде деп ойлайсыз?

- Әйел әскери қызметші – жауапкершілік пен жан жылуын, яғни мейірімділікті  қатар алып жүретін тұлға. Ол тәртіпке де, қиындыққа да бейім. Әйел әскери қызметшінің басты ерекшелігі –нәзіктік пен табандылықты, жанашырлық пен кәсібилікті  бір арнаға тоғыстыра білуінде деп ойлаймын. Нәзік  жандылар  физикалық  және  психологиялық қиындықтарды жеңе отырып, сонымен қатар ұжымда моральдық тұрақтылық пен үйлесімділік орнатуға ерекше үлес қосады. Бұл қасиеттер оны ұжым үшін бағалы  әрі  үлгілі  қызметкерге  айналдырады.  Әйелдің  табиғатындағы мейірім мен сабыр, төзімділік  әскери  тәртіппен  үйлескенде  ерекше  үйлесім  табады.  Бұл  тәжірибемен  келетін өнер. Қатаңдық - қызметте,  ал  нәзіктік - жүректе,  адамның болмысында. Бұл  тұста  жағдайға  қарай  икемделеміз. Кейде  нақты  жағдай  қатаңдықты талап етсе, кейде түсіністікпен әрекет етуді керек етеді. Мен әр жағдайда қай әдіс тиімді екенін бағалап, дұрыс шешім қабылдауға   тырысамын. Нәзіктік пен қатаңдық бір-бірін толықтырып, кәсіби және адамгершілік қасиеттердің үйлесімін жасайды .Әскерде бұл - тек міндетті орындау емес, ұжыммен сенімді әрі нәтижелі жұмыс істеудің кілті.

- Жолдасыңыз үшін әйел әскери қызметшінің қосағы болу қандай сезім сыйлайды?

- Бұл-өзара түсіністік пен  қолдауға негізделген ерекше байланыс. Себебі менің жолдасым әскери адам. Мұнда бір-біріңнің кәсіби қиныдықтарың мен міндеттеріңді терең түсінесің, ортақ тіл мен сенімге негізделген ерекше байланыс қалыптасады.  Ортақ жауапкершілік отбасылық бірлікті күшейтеді.Үйдегі қолдау-қызметтегі  табыстың негізі болып табылады.Бір-біріңді терең түсінесің, кәсіби  және жеке өмірде тең дәрежеде қолдап, бірге шыңдалатын серіктес бола аласың.Бұл тек сезімге ғана емес, сенімге, құрметке және ортақ міндетке негізделген қарым-қатынас.

- Қыз-келіншектерге әскери салада қандай қасиеттер қажет?

- Алдымен қиындықтан қорықпау қажет. Әскери өмір – мінезді шыңдайтын мектеп. Төзімділік, батылдық, жауапкершілік, өзіне деген сенімділік, тәртіпке бағыну, психологиялық тұрақтылық, нәзіктік пен адамгершілік  және  үздіксіз даму ниеті болу қажет. Абай атамыз: «Өзіңе сен, өзіңді  алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деп бекерге айтпаса керек.  Бір  сөзбен  айтқанда қыз-келіншектерге  әскери салада қызмет ету үшін күшті, табанды, тәртіпті және жан-жақты адам болу қажет. Бұл қасиеттер  кәсіби және жеке даму үшін теңдессіз тәжірибе береді. Әскери тәртіпке  бейімделу, ұжымдық байланыс,  уақыт пен режимді үйлестіру,  физикалық жүктемеге үйрену-бастапқыда оңай емес. Бірақ жігер мен табандылық бәрін жеңеді. Қиындық арқылы адам шыңдалып, кәсіби тұрғыдан да, тұлғалық тұрғыдан да дамиды. Ұжымның қолдауын қабылдап, табандылық танытса, әскери ортаға бейімделу жеңіл болады, ал әр күн-тәжірибе мен өсуге мүмкіндік.

-   Отбасыңыз сіздің  таңдауыңызға қалай қарады?

-  Ата-анамда  алғашында  алаңдаушылық  болды,  себебі олар менің қауіпсіздігім  үшін алаңдады. Үйдің кенжесі болғандықтан олар үшін мен қауіпті салаға қадам басқандай болдым. Бірақ  уақыт келе менің табандылығым,  тәртіпке  беріктігім  мен  ұмытылысымды  көріп, олар бұл таңдауымды  құрметтеуге  және  қолдауға  бет  бұрды.  Кейін  тұрмыс құрдым.  Жолдасым  екеуіміз  әскери  бөлімде  таныстық.  Қазір  екеуіміз де  әскери адамбыз. Менің басты тірегім -  отбасым деп білемін.

- Қызмет пен отбасылық өмірді  қалай үйлестіресіз?

- Бұл-тепе-теңдікті сақтау өнері. Бұл жағдайда тайм-менеджментке жүгінемін, уақытты  дұрыс жоспарлау, жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңгерімді сақтау. «Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді»,- деген аталы сөз бар. Қызмет пен отбасы арасындағы үйлесім-тәртіп, жоспарлау, сенім мен өзара қолдауға негізделеді. Бұл екі ортада табандылық пен сүйіспеншілік сақталса, қызметтік  міндеттер мен жеке өмір бір-біріне кедергі боламай, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ер азаматтармен иық тірестіріп жұмыс жасайтын қоғамның қозғаушы күші дегенді білдірсе керек.

- Әскердегі  әйелдерге  көрсетілетін құрмет туралы не айтар едіңіз?

- Бүгінде әскери салада әйелдерге деген құрмет  жоғары.  Жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар әскери қызметші ретінде  толыққанды түрде осылай айта аламын.  Әскери ортада әйел тек жауынгер ғана емес,  ана, жар,  біреудің әлпештеп отырған қызы екенін түсіну, қызметтегі жетістіктері үшін марапаттау, сенім білдіру, жауапты міндеттер жүктеу бар, ол әйелдердің әлеуетіне деген сенімнің белгісі. Бүгінде  әйел   әскери қызметшілер  тек  қосымша  күш емес, әскери ұжымның толыққанды беделді мүшесі  деуге  негіз бар.

Сұхбат соңында офицер жайында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының  тәрбие және  әлеуметтік  құқықтық жұмыстар басқармасы бастығынының  мемлекеттік  тілді енгізу жөніндегі  аға көмекшісі  подполковник  Нұргүл Толыбаевадан  сұрап көрдік. Бағынысты  маманы  жайында  басқарманың  аға  офицері   өзіндік  пікірімен   бөлісті.

-   Дана Сағындыққызы   қыз-қыз қайнаған  әскери  өмірдің  ыстығы мен суығына піскен нағыз  маман.  Әсіресе,  мемлекеттік  тілді енгізу  жөніндегі аға көмекшінің  бойынан  табылатын  барлық  дағды  мен  қасиет оның өн бойына қона кеткендей. Ол  кез келген іс-шараны   ұйымдастыруда   өзіндік  бояуын  кіргізіп,  ерекше айшықтайды.  Сахнада  өзіне  қадалған  сұқ  көздерден   сескенбей өзін  емін-еркін  ұстап,  тыңдар  құлаққа  жағымды  дауыспен   тамсандыра   жүргізеді  алады.  Баяндама оқыса  сөз өтімді,  ойы ашық.  Сырықтай  болмысында    сындарлы  шешім  қабылдау,   сонымен қатар   бөлімше  ішіндегі  іс-қағаз жүргізуде де  тап-тұйнақтай  мұқияттылық пен ұқыптылық  және сауаттылық пен кәсіби шеберлік көмкерілген.  Құрғақ сөзден бөлек  нәтижеге тоқталсақ,  2023 жылы Алматы қаласында  мамандар  арасында  өткізілген  «Үздік маман» байқауына  қатысып, жүлделі  бірінші орынға  ие  болған.  Бұл жетістік -  Дананың  өз ісіне деген жауапкершілігінің,  үздіксіз  ізденіс  мен  кәсіби  дамуға деген  ұмтылысының   нәтижесі деп білемін.

Жаужүрек жауынгердің   әскери бөлімдегі қаруластары да аға лейтенант ханымның ортада сыйлы  екендігіне  баса  тоқталды.  Олай болса,  Ұлттық ұлан сапында кәсіби маманға айналған  қару асынған  нәзікжандының  алдағы қызметіне   сәттілік тілейміз.

Лейтенант  Рүстем Мұхаметрақым, Павлодар қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -