Шыдамдылық пен қайтпас қайсар мінез – адамды биікке ұмтылдырады. Осындай мінездің арқасында Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімнің атқыштар ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары – аға лейтенант Бижігіт Молдабаев. Ол күнделікті қалыптасқан дағды, төзімділік пен адалдық жолында қызмет етіп жүрген әскери қызметші.
Бижігіт Молдабаев бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ол – отбасындағы жалғыз ұл. Жастайынан әкесінен айырылған ол ерте есейіп, жауапкершілікті өз мойнына алып үйренген. 2014 жылы мектеп бітіріп, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылған. Қазіргі кезде Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде атқыштар ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымы қызметін атқарады. Офицер ротада тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі мен тиімділігіне жауап береді.

– Атқыштар ротасында келісім шарт бойынша әскери қызметшілер қызмет атқарады. Біздің ротамыздың жеке құрамы сотталушыларды сот отырысына тасымалдайды, жалпы айтқанда сотталушыларды айдауылмен алып жүреді. Ротадағы үй-жайымыз осы 6636 әскери бөлімінде орналасқан. Дүйсенбі-жұма аралығында жауынгерлік қызмет атқарады. Сенбі-жексенбі күндері рота құрамаға арналған демалыс күні беріледі, - дейді командир орынбасары.
Бижігіт Қайратұлы қызмет барысында әскери қызметшілермен тәрбие жұмысын жүргізеді. Олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шараларды қарастырады. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздармен психологиялық сұхбат жүргізеді.
Қазіргі кезде офицер екі қыз бен бір ұлдың әкесі. Ол балаларының еркін, табиғи болмысын сақтап өскенін маңызды санайды.
– Балаларымның тәрбиесіне қатты араласа бермеймін. Себебі, олар әлі кішкентай. Ең үлкені алты жаста. Сонымен қатар балалар алты-жеті жасқа дейін еркін әрі өз қалауларымен өмір сүргені дұрыс деп ойлаймын, – дейді ел қорғаны.
Ол үшін әскери қызмет пен отбасыны қатар алып жүру – үлкен міндет. Оның айтуынша, қызметтің қатаң тәртібі мен уақытқа тәуелділігі кейде жанұяға көңіл бөлуге кедергі келтіреді. Соған қарамастан, офицер кез келген мәселені жұбайымен ақылдаса отырып, ортақ шешімге келу арқылы реттейтінін айтады.
Бижігіт Молдабаев ұландықтарға үлгі болары анық. Себебі, ержүрек сарбаздың аянбай еңбек етуі мен қайтпас қайсар мінезінің арқасында мансаптық жолында үлкен жетістікке жеткен. Ол қарапайым келісім шарт бойынша әскери қызметшіден офицер лауазымына дейін көтерілген. Аға лейтенанттың негізгі ұстанымдары – берілген әр тапсырманы ұқыппен, қызметтік міндетті шын ниетпен, ең бастысы жауапкершілікпен орындау. Себебі, жұмысқа деген ниет пен жауапкершілік істің сапалы болуына ықпал етеді.
– Әскер саласына келген қызметші, тіпті жауынгер болсын ең алдымен тазалыққа үйренуі керек. Одан кейін ер азамат ретінде жауапкершіліктен қашпай, кез келген қызметті орындай алуы қажет. Қызметтің маңыздылығын сезіне білу, оны тиянақтылықпен атқару – ұқыптылық пен тәрбиенің көрінісі, - дейді офицер.
Кейіпкеріміз әскер саласын таңдағалы жүрген жастарға өз кеңесін айтты.
− Әскери қызметті таңдағалы жүрген жастарға айтарым: егер сен әскери дағдыларға, әскери тәртіпке бас иетін, жауапкершілігі жоғары қызметті атқарамын, қандай қиыншылық болса да төземін, Отан үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын дейтін ер мінезді азамат болсаң, сені бұл қызмет қуана қарсы алады, - деді ол.
Отанға адалдық саптағы қызметпен ғана өлшенбейді, ол адам өміріндегі әрбір таңдаудан көрініс табады. Бүгінде Бижігіт Молдабаев үшін бұл қағида отбасындағы тәлім мен қызметтегі жауапкершілікті тең ұстаудан айқын аңғарылады. Осындай үйлесім офицерлік болмысты қалыптастырып қана қоймай, келер ұрпаққа табандылық пен адал еңбектің шыңға жетелейтінін ұғындырады.
Ұлдана Ерхожақызы, ҚазҰУ 4 курс студенті