Әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі қашан да сақтық пен тәртіпке негізделеді. Бұл күнделікті жаттығудан бастап, саптағы әр қадамға дейін айқын сезілетін жауапкершілік. Осындай ортада әрбір сарбаздың мінезі шыңдалады, ал өз ісіне адалдығы мен жігері арқылы ерекшеленген жауынгер ғана өзгелерге үлгі бола алады. Солардың қатарында өз міндетін мінсіз атқарып, жасаққа бағыт-бағдар беріп жүрген үздік жасақ бастығы ефрейтор Айдос Сабыржанов.
Айдос Сабыржанов 2019 жылы Астана қаласындағы қаржы академиясында қаржыгер мамандығын тәмәмдап шығады. Қолына дипломы тиген соң ел алдындағы борышын өтеу мақсатында Сарыарқа ауданының әскери комиссариаты арқылы Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне шақырылады. Әскери өмірдің тәртібі, ұландық рух және жауапты қызметтің салмағы оған жаңа мақсат сыйлайды. Міндетін өтеп келгеннен кейін ол келісімшарт бойынша қызмет етуге бел буып, елордадағы 5573 әскери бөліміне құжаттарын тапсырады. Арманына жеткен ол бүгінде әскери құрылымның 3 жедел мақсаттағы батальоны взводының бөлім басшысы. Ол әскери бөлім басшылығы тарапынан әрқашан оң бағаланып, жауапты әскери қызметші ретінде танылған.
Қостанай өңірінде дүниеге келген Айдос қазір Астанада қызмет етеді. Екі қыздың әкесі. Әскери қызмет оны жауапкершілікке сабыр мен салмақтылыққа үйреткен. Тәртіпке беріктігі мен талапшылдығы оның басты қасиеттерінің бірі. Қиындықта тайсалмай, кез келген тапсырманың алдыңғы легінде жүруі оның беделін одан әрі биіктеткен. Әріптестері оны «үнсіз әрекетімен үлгі көрсететін әскери мінезі қалыптасқан нағыз офицер» деп сипаттайды.
Айдостың айтуынша, оның әскери өмірді таңдауы бекер емес.
- Әскери адамдар сөзінде тұратын, жауапкершілігі жоғары тәртіпке берік келеді, сол қасиеттерді бойыма сіңіргім келді. Өзім кішкентайымнан ата-әжемнің тәрбиесін көріп өскенмін. Ол кісілер менен Отанына адал қызмет ететін тұлға болып қалыптасатыныма үнемі сенетін. Сондықтан әскери форма кию бала күнгі арманым болатын,- дейді ол.
Ефрейтор Айдос үшін әскери қызмет тек қана борыш емес, өзіңді сынайтын, мінезіңді шыңдайтын үлкен мектеп. Ол әрбір күнді тәртіпке, жауапкершілікке және адалдыққа берілген мүмкіндік ретінде қабылдайды. Әскери қызмет тек бұйрықтарды орындау емес, бұл тәртіп мәдениетін қалыптастыру, жеке құрам арасында сенім орнату және әр сарбаздың бойындағы жауапкершілікті ояту.
Қазіргі лауазымында қызмет етіп жүргеніне көп болмаса да, мол тәжірибе жинақтағынын атап өтті. Айдостың негізгі міндеті қала тыныштығын сақтау, әкімшілік және құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Ол үшін бұл қызмет - тек жұмыс емес, қызықты да маңызды жауапкершілік. Күнделікті қызметінде Айдос полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейді.
Қызметтегі белсенділігі үшін бөлім басшылығы мен қала тұрғындарынан алғыс пен марапаттар алған. - Осындай жетістіктерге қол жеткізу-
імнің себебі, ең алдымен, отбасымдағы алған өнегелі тәрбиенің арқасы деп білемін. Қазір өзім бір отбасының иесімін, сондықтан Отан мен отбасы алдындағы жауапкершілігім күннен күнге артып келеді. Әскери форма киген әр сәтте осы екі аманатты қатар алып жүрудің салмағын сезінемін. Жасақ бастығы ретінде әр сарбазға үлгі болу тек міндет емес, менің жеке ұстанымым. Ер-азаматтың құны оның сөзі мен ісінің бірлігінде. Ал мен үшін бұл бірлік, ең алдымен елге адал қызмет ету мен үйдің амандығын ойлаудан басталады,- дейді ефрейтор.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде Айдос сынды жауынгерлердің орны ерекше. Оның қызметтегі табандылығы, тәртіпке деген талапшылдығы және елге деген шынайы сүйіспеншілігі бүгінгі жас буынға берілер ең құнды сабақтың бірі. Айдостың әр ісінен Отан қорғаушыға тән мінез, жауапкершілік пен ер азаматқа лайық бекем ұстаным байқалады.
Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ Астана қаласы