Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан әскери қызметшілеріміздің бірі – сержант Әлихан Тұрмағанбетов. Ол Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің атқыштар ротасының бөлімше командирі. Қазіргі кезде қызмет жолы мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген ер азаматтарымыздың бірі.
Әлихан Тұрмағанбетов 1990 жылы 5 желтоқсанда Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты қазақ даласының табиғи болмысы мен ауыл тіршілігі үйлескен Ақкісі ауылында дүниеге келген. Әскери қызметшінің балалық шағы дәл осы шағын ауылда өткен. Оның туған өлкесінде өткізген әрбір сәті балалық шағының ұмытылмас естелігі.
Ол Арқалық қаласындағы Экономикалық колледжде құқық саласы бойынша білім алған. Сержант Әлихан Тұрмағанбетовтің негізгі мамандығы заңгер. Алайда қазіргі кезде мамандығы аясында қызмет атқармайды. 2009 жылы Отан алдындағы борышын Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде өтеген. Алғашқы күннен бастап-ақ тәртіп пен талаптың қаталдығын сезінген жас сарбаз әр берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындаған. Ауылынан, отбасынан жырақта жүрген бозбаланың сол бір сәттерде өмірге деген көзқарасы өзгеріп, өздігінше шешім қабылдай алудың не екенін түсінген.
– Әскерде өткізген әрбір секунд, минут пен сағаттар адамды төзімге, тәртіпке және шыңдалуға үйретеді, - дейді Ұлттық ұлан өкілі.
Әскери борышын өтеген қатардағы жауынгер 2018 жылы әскер сапына қайта оралады. Ол Қостанай қаласындағы Ұлттық ұланның 6697 әскери бөліміне қызметке орналасып, бірінші жедел мақсаттағы ротаның бөлімше командирі ретінде қызмет жолын бастайды. 2025 жылы наурыз айынан бастап Астана қаласындағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөліміне ауысып, атқыштар ротасының бөлімше командирі болып қызмет атқарады.
– Бала кезден әскери формаға ерекше қызығушылығым болды. Ол арман уақыт өте келе мақсатқа айналды. Ең басты ниет Отанға қызмет ету. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау әр азаматтың мойнында-
ғы борышы. Әскер сол борышты абыроймен өтеудің жолы. Қазіргі кезде еліміздің қауіпсіздігі жолында жауапты қызмет атқарамын, - дейді атқыштар ротасының бөлімше командирі.
Сержанттың айтуынша, 6636 әскери бөлімі Ұлттық ұланның ең маңызды деген міндеттерін атқаратын әскери құрылым. Әскери бөлім мемлекет қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызметтерді атқаратын қорғаныс саласы. Ол 1961 жылы 20 қаңтарда Қазақ КСР Ішкі істер министрінің №16 бұйрығымен Қазақ КСР ІІМ ішкі күзетінің 246 отряды ретінде құрылып, оған 6636 нөмірі беріледі. 6636 әскери бөлімі ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, өндірістік және режимдік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзет пен айдауылдау сияқты міндеттерді атқарады.
Әлихан Жұмаханұлы 6636 әскери бөлімінің атқыштар ротасының бөлімше командирі ретінде айдауылдағы адамдарды сотқа алып келеді және соттан алып кетеді, сотқа дейінгі процесте адамдарды түзету мекемесіне апарады.
Әскердегі қатаң тәртіп пен жауапкершілікке бейімделген әскери қызметші – жан жары мен гүлдей құлпырған қыздарының жанында жүрегі мейірімге толы жанашыр әке.
– Көп баланың әкесі болу үлкен бақыт және аса жауапкершілікті қажет етеді. Қазіргі кезде бес қызым бар. Әр қызымның мінезі әр түрлі және әрқайсысының өз қызығушылығы бар. Олардың бәріне әке болу – жүрекке қуаныш сыйлайды. Өмірге деген көзқарасты тереңдетеді. Бала тәрбиесінде ең басты қағида ретінде адалдықты, еңбекқорлықты және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді атар едім, – деді көп балалы әке.
Расымен де отбасы ұйытқысы – әке мен ана арқылы дариды. Қызмет ол – басты міндетің әрі айналысатын кәсібің. Ал отбасы – жаныңа жақын жандар.
– Әскери қызметші ретіндегі біздің ең негізгі міндетіміз – қоғамдық тұрақ-
тылықты сақтап, халық сеніміне лайық болу. Осы орайда қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті барынша жоспарлап отырамын. Отбасым – менің ең үлкен тірегім. Үйдегі жылулық пен балаларымның сенімі маған әрдайым күш береді. Бүгінде жас әкелерге айтар кеңесім: отбасыңызға және балаларыңызға уақыт бөліңіздер. Материалдық жағдайдан бұрын, балаға мейірім мен тәрбие қажет. Әке мейірімін сезініп өскен бала ертең елдің тірегі болары сөзсіз, - дейді ел қорғаны.
Бес баланың әкесі және әскери қызметші ретінде Әлихан Тұрмағанбетовтің өмірі мен қызмет жолы барша ұландық отбасыларға үлгі болары анық. Ол Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын да, әкелік міндетін де адал атқарып жүрген рухты ер азаматтардың бірі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орны ерекше. Әкеден ақыл, анадан мейірім алған бала еліне, жеріне мақтанышпен қарап, намысшыл болары анық.
Ұлдана ЕРХОЖАҚЫЗЫ, ҚазҰУ 4 курс студенті