Қарағанды – Жезқазған автожолы алғаш рет ауқымды реконструкциядан өтеді

1045
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Қарағанды облысында биыл Қарағанды – Жезқазған автожолын ауқымды реконструкциялау жобасы басталады. 1970-жылдары салынған бұл трасса жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңғырту нәтижесінде жол төрт жолақты магистральға айналады, бұл оның өткізу қабілетін арттырып, жол қауіпсіздігін күшейтіп және сапар уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба 122 шақырым жолды қамтиды

Реконструкция ұзындығы 122 шақырым болатын учаскені толық жаңғыртуды қамтиды.

Жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бөлетін қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, жобаға дайындық жұмыстары толық аяқталған.

— Жер учаскелеріне және карьерлерге қатысты барлық мәселелер жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен шешілді. Конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін мердігер анықталып, сәуір айының соңына қарай құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр, — деді ол.

Жол салуда жаңа тәсіл қолданылады

Жоба аясында «жобалау, құрылыс және пайдалану» қағидатына негізделген жаңа тәсіл қолданылмақ.

Жүргізушілерге қолайсыздық туғызбау үшін көлік қозғалысы уақытша айналма жолдарға бағытталмайды. Алдымен қолданыстағы трассаның бойымен қатар жаңа екі жолақты жол салынады, кейін ол пайдалануға берілген соң көлік қозғалысы сол жолға ауыстырылып, қазіргі жол жамылғысын жаңғырту жұмыстары басталады.

Нәтижесінде автожол толыққанды төрт жолақты магистральға айналады.

Жол инфрақұрылымы да жаңартылады

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің айтуынша, жоба аясында жол инфрақұрылымы кешенді түрде жаңартылады.

Атап айтқанда, алты көпір реконструкцияланып, 130-дан астам су өткізу құбыры орнатылады, сондай-ақ көлік айрықтары мен кері бұрылуға арналған жолақтар салынып, демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары жабдықталады.

Сонымен қатар сервистік алаңдарда эстакадалар, санитарлық-гигиеналық тораптар және жылы дәретханалар қарастырылады.

Жоба 2029 жылға дейін аяқталады

Автожолды реконструкциялау жұмыстарын 2029 жылға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, жобаның іске асуы өңірлер арасындағы көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -