Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан қазақстандықтарды эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Министрліктің мәліметінше, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен 4700-ден астам Қазақстан азаматы елге оралған.
Азаматтарды эвакуациялау бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде
Эвакуация тек әуе рейстері арқылы ғана емес, жерүсті жолдары арқылы да ұйымдастырылуда.
6 наурыз күні Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық мекемелері «Заркух» компаниясының жеті қызметкері – Қазақстан азаматтарының Иран мен Армения шекарасына шығуын ұйымдастырды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, компания қалған 16 қазақстандықты да осы бағыт арқылы эвакуациялауды жоспарлап отыр.
Ираннан 66 қазақстандық елге қайтарылды
Қазіргі уақытқа дейін Иран аумағынан жалпы 66 Қазақстан азаматы елге оралған.
Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде барлық іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастармен тұрақты байланыс орнатып отыр.