Түркістанда 8 наурызға орай аналар мен нәзікжандыларға құрмет көрсетілді

803
Фотосурет: Gov

Түркістан қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Әлемнің жарығы – ана» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ардақты аналар мен нәзікжандыларға ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

Мерекелік кешке түрлі сала өкілдері қатысты

Салтанатты жиынға өңірдің әр саласында еңбек етіп жүрген аналар мен қыз-келіншектер жиналды.

Атап айтқанда, ұстаздар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер және қоғам белсенділері мерекелік кештің құрметті қонақтары болды.

Облыс әкімі әйелдердің қоғамдағы рөлін атап өтті

Өз құттықтауында Нұралхан Көшеров әйелдердің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, олардың өңірдің дамуына қосып жатқан үлесіне тоқталды.

– Сіздерді көктемнің ең аяулы, шуақты мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жер бетіне көктемнің келгенін білдіретін бұл мерекенің орны бөлек. Сұлулық, жылылық сияқты қастерлі сөздер Ана деген аяулы ұғыммен астасып жатыр. Әр шаңырақтағы шаттық пен берекеде сіздердің маңдай терлеріңіз бен мейірімге толы алақандарыңыз бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінге жетуі – ең алдымен, аналардың еңбегі. Қазіргі қазақстандық әйел – отбасының берекесі ғана емес, қоғамның қозғаушы күші. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімнің алтын діңгегі, береке мен бірліктің бастауы. Облысымызда әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлеміндегі 214 мыңнан астам кәсіпкердің 88 мыңы – қыз-келіншектер, яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 41%-ында іскер ханымдар басшылық жасауда. Түркістан – халық саны жағынан да, көпбалалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. 2025 жылы өңірде 45 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Өңірде 191 мыңнан астам көпбалалы ана бар, олардың ішінде 18 мыңнан аса «Алтын алқа», 45 мыңнан аса «Күміс алқа» иелері бар. Біз үшін әрбір ананың амандығы, әрбір қыз-келіншектің бақыты – аса қымбат. Сіздерді шуақты мерекемен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін! Отбасыларыңыз аман, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Бірқатар әйелдер марапатталды

Салтанатты жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар аналар мен қыз-келіншектер Түркістан облысы әкімінің Алғысхаттарымен және мемлекеттік марапаттармен марапатталды.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласты

Мерекелік кеш Түркістан музыкалық-драма театрында жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты.

Сахнада «Vivat» би ансамблі «Көктем шуағы» атты музыкалық-хореографиялық қойылымын ұсынды, сондай-ақ танымал өнерпаздар Медет Салықов, Клара Төленбаева, әнші Баянсұлу, республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Барыс, Сырым Исабаев, «Жаңа леп» өнер ұжымы және өңір өнерпаздары өнер көрсетті.

Сонымен қатар «Қазақ қызы» музыкалық композициясы ұсынылып, өнерлі балалар мен бишілердің өнері көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Өңірде әйелдерді қолдау жұмыстары жалғасуда

Түркістан өңірінде аналар мен әйелдерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, өңірде нәзікжандылардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, кәсіпкерлікпен айналысуына және әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруына кең мүмкіндік жасалған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -