Жезқазған қаласында С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған делегация қатысты. Сонымен қатар жиынға депутаттар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, білім беру саласының мамандары және өңір тұрғындары жиналды.

Жаңа Конституцияда мәдениет пен білімге басымдық берілген
Кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға ерекше назар аударылғанын айтты.
«Жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау сияқты мәселелер де нақты көрініс тапқан. Мұның бәрі ұлттық болмысымызды сақтауға және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам деп білемін. Жоба аясында білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға ерекше назар аударылады. Өйткені қазіргі заманда адам капиталы – кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Қуатты мемлекеттің тірегі – озық ойлы ұлт, дамыған мәдениет және жоғары зияткерлік әлеует», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сөз бостандығына кепілдік берілетіні айтылды
Вице-премьер жаңа Конституция жобасы демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығына толық кепілдік береді. Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өмірін қорғауға бағытталған. Ең бастысы – негізгі қағида өзгеріссіз қалады. Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріледі және цензураға тыйым салынады. Сөз бостандығы мәселесіне тек журналистиканы дамыту тұрғысынан ғана қарауға болмайды. Қазіргі ашық қоғамда әркім өз ойын еркін білдіре алады, бірақ бұл құқық кең мүмкіндіктермен қатар белгілі бір жауапкершілікті де талап етеді. Әрине, қоғамда әртүрлі пікірдің айтылуы – қалыпты құбылыс. Дегенмен қандай сын айтылса да, тұтас бір халықты кемсітіп немесе оның болашағына күмән келтіретін тұжырымдар жасау дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақ халқы ғасырлар бойы талай тарихи сыннан өтіп, өзінің тілін, мәдениетін және ұлттық болмысын сақтап қалған халық. Ең бастысы Президентіміз айтқандай, тәуелсіздік – бәрінен де қымбат құндылық. Тәуелсіздік бізге кездейсоқ келген жоқ, ата-бабамыздың күресі мен қаншама боздақтарымыздың еңбегінің нәтижесінде келді. Сондықтан оның қадірін төмендетуге немесе жоққа шығаруға болмайды. Ең маңыздысы – қоғамды бөлетін емес, біріктіретін ой айту, ұлт болып ауызбірлігімізді сақтап, татулық пен өзара сыйластық арқылы ортақ мүддемізді қорғау», – деді Аида Балаева.
Президент өкілеттігіне шектеулер енгізілген
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы қоғамда кең талқыланып жатқанын айтып, бұл азаматтық жауапкершілік пен саяси мәдениеттің өскенін көрсететінін жеткізді.
«Қазіргі кезде жаңа Конституция туралы қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бұл – қалыпты құбылыс. Өйткені азаматтардың Ата Заңның әрбір бабына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын талқылауы – қоғамның саяси мәдениетінің өскенін, азаматтық жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, Конституцияға енгізілген өзгерістерді Президенттің билігін күшейту әрекеті деп бағалап жатқандар да бар. Алайда бұл пікірдің еш негізі жоқ. Жаңа Конституцияда Президент өкілеттігіне белгілі бір шектеулер енгізілген. Мәселен, Жаңа Конституцияға сәйкес Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланады, сондай-ақ оның жақын туыстары жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындала алмайды. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы суперпрезиденттік модельге мұқтаж емес. Керісінше, бүгінгідей аумалы-төкпелі, күрделі геосаяси кезеңде бізге елдің тыныштығы мен тұрақты дамуына кепіл бола алатын, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятын Қасым-Жомарт Тоқаевтай Президент қажет», – деді ол.
Сарапшылар мен қоғам өкілдері пікір білдірді
Кездесуде Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Ақылбай, ғалым Нұрлан Дулатбеков және мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайынов сөз сөйлеп, ұсынылып отырған өзгерістер қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтардың елдің саяси өміріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Ұлытау облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлбану Сейтжанова жаңа Конституция жобасы отбасы құндылықтарын, этносаралық келісімді және қоғамдық диалогты нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Тұрғындар референдумға қатысудың маңызын атап өтті
Жиында сөз алған жезқазғандық тұрғын Ғазиз Ештанайұлы жаңа Конституция жобасының тарихи сабақтастық пен ұлттық құндылықтарды айқындай түсетінін жеткізді.
«Мен 1995 жылғы Конституцияның преамбуласын жаңа Конституция жобасының преамбуласымен салыстырып көрдім. Менің ойымша, жаңа мәтінде тарихи сабақтастық, мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастық, ел бірлігі мен қоғамдық келісім мәселелері өте айқын әрі нақты көрініс тапқан. Әсіресе преамбулада мәдениет, білім, ғылым және инновациялар ел дамуының негізгі бағдарлары ретінде жеке атап көрсетілгені ерекше маңызды. Сондықтан жаңа Конституция жобасын референдумда қолдау – Қазақстанның алға басуына және еліміздің болашағын нығайтуға қосатын ортақ үлесіміз болады деп санаймын», – деді ол.
Кездесу соңында коалиция мүшелері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға саналы түрде қатысудың маңызын атап өтті.