Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңір тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар аясында «Terricon Valley» өңірлік IT-хабына бару, «Стартапшылар аллеясындағы» жобалардың таныстырылымы және азаматтарды жеке қабылдау шаралары ұйымдастырылды.
Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа өтті
Кездесу барысында электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту нәтижелері таныстырылды.
Бүгінде барлық мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн қолжетімді, ал смартфон арқылы алынатын қызметтердің үлесі 95,9%-ға жеткен.
2025 жылы 54 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 60%-ы проактивті форматта, яғни азамат өтініш бермей және ХҚКО-ға бармай-ақ жүзеге асырылған. Сонымен қатар мемлекеттік сервистер 56 сыртқы платформаға біріктірілген.

Ростислав Коняшкин цифрландыру тек технология енгізу емес екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз - мемлекеттік қызметтерді барынша қарапайым, түсінікті және қолжетімді ету. Біз процестерді жай ғана онлайнға көшірмей, сервистердің адамның өмірлік жағдайларын ескере отырып, алдын ала жұмыс істейтін проактивті модельге көшіп жатырмыз», - деді ол.
Цифрлық сервистерге сұраныс өсіп келеді
Ең көп қолданылатын цифрлық құралдар да таныстырылды.
Бір жыл ішінде QR-қолтаңба 29 млн рет, биометриялық сәйкестендіру 9,9 млн рет, ал цифрлық құжаттар сервисі 37 млн рет пайдаланылған.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы дамып келеді
Әлеуметтік қолдау саласында eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» қызметі кеңейіп келеді.
Тегін және жеңілдікпен тамақтандыру бағыты бойынша барлық мектептер аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталып, 1,5 млн-нан астам ваучер жасалды және 89 млн-нан астам ыстық тамақ берілді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйеге 708 мемлекеттік дәріхана қосылып, 14,4 млн рецепт бойынша дәрі-дәрмек берілді.
eGov Mobile жаңа цифрлық көмекшіге айналып келеді
eGov Mobile қосымшасы цифрлық көмекші ретінде дамып келеді.
Өткен жылы пайдаланушыларға 50 млн хабарлама жіберілді, ал сұранысқа ие сервистер қатарында «Ұлттық қор - балаларға», «Стоп-кредит» және «Құмар ойындарға қатысудан ерікті түрде бас тарту» қызметтері бар.

Жүргізуші куәлігін ауыстыру сервисін қосымша арқылы 25 мыңнан астам адам пайдаланған.
Ақпараттық қауіпсіздік күшейтілді
Ақпараттық қауіпсіздік бағытында eGov порталы арқылы дербес деректерге қол жеткізуге келісімдерді мониторингілеу сервисі іске қосылды.
Сонымен қатар «Кредиттен бас тарту» функциясын 5,4 млн-нан астам азамат пайдаланған.
Өңірде байланыс инфрақұрылымы дамып жатыр
Қарағанды облысында 2023-2025 жылдары 96 базалық станция орнатылды.
Сигналы тұрақсыз 80 локация анықталып, оның 28-інде байланыс сапасы жақсартылды, ал қалған 52 нысан бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жасанды интеллект экожүйесі дамып келеді
Кездесу барысында жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселесі де талқыланды.
Tomorrow School бағдарламасында 300-ден астам тыңдаушы білім алып жатыр, AI Sana бағдарламасы бойынша 650 мыңнан астам студент және AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 54 мыңнан астам мемлекеттік қызметші оқытылды.
Сонымен қатар 4 500-ден астам қызметкер Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеуге үйретілді.
2025 жылғы 17 қарашада «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданғаны да атап өтілді.
Alem.GPT платформасы мемлекеттік қызметтерге енгізілуде
Жасанды интеллект шешімдерін енгізу бағытында Alem.GPT платформасы таныстырылды.
2025 жылы оның негізінде 20-дан астам мемлекеттік қызмет іске қосылды, ал 2026 жылы бұл санды орталық және жергілікті атқарушы органдардың ең сұранысқа ие 50 қызметіне дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бизнес пен екінші деңгейдегі банктер үшін арнайы ЖИ-агенттерді іске қосу көзделген.
Smart City бағытында Қарағандының көрсеткіші артты
Smart City рейтингінде Қарағанды 2025 жылы 80,78 балл жинады, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 80,06 болған.
Қалада 15 491 бейнебақылау камерасы және бейнеаналитика функциясы бар 473 жол қауіпсіздігі камерасы орнатылған.
109 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы бір жыл ішінде тұрғындардың 110 165 өтініші қаралды.
Тұрғындар нақты мәселелерді көтерді
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, азаматтарды жеке қабылдаумен аяқталды.
Тұрғындар Қарағандыда жаңа автодром ашу, оны «Азаматтарға арналған үкімет» филиалына беру, сондай-ақ мобильді байланыс пен интернет сапасын жақсарту мәселелерін көтерді.
Байланыс операторлары жабдықтарды жаңарту жұмыстарын 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.