Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумында сөз сөйледі. Президент өз сөзінде қазіргі геосаяси ахуал, реформалардың мәні және ел дамуының негізгі қағидаттары туралы айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Геосаяси өзгерістер жағдайындағы сыртқы саясат
Президенттің айтуынша, әлемдегі күрделі геосаяси оқиғаларға қарамастан, Қазақстан барлық серіктес мемлекеттермен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуды жалғастыра береді.
Латын Америкасы мен Таяу Шығыстағы оқиғалар халықаралық саясатқа ықпал етіп отырғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда сыртқы саясат пен дипломатияның маңызы бұрынғыдан да арта түскенін айтты.
«Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді», – деді Президент.
Ел дамуының негізі – тұрақтылық пен бірлік
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның табысты дамуының басты негізі ретінде қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты атады.
«Осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ. Бұл – біздің бұлжымас қағидаттарымыз», – деді ол.
Президент тұрақтылықтың өзі азаматтардың жоғары саяси және азаматтық жауапкершілігінің нәтижесі екенін атап өтті.
Популизм мен асығыс реформаларға қарсы
Мемлекет басшысы реформаларды жүргізуде асығыстық пен популизмге жол бермеу қажет екенін айтты.
«Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, барлық бастамалар жан-жақты ойластырылып, нақты есепке негізделуі тиіс.
Заң мен тәртіп – қоғамның негізгі қағидаты
Президент тұрақтылықты сақтау үшін «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызына ерекше тоқталды.
«Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін», – деді ол.
Реформалардың басты мақсаты – тәуелсіздікті нығайту
Мемлекет басшысы елде жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсатын да атап өтті.
«Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз. Бұл – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту», – деді Президент.