Бүгін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері IT-қоғамдастықпен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – бизнеске, стартаптарға және тәуелсіз әзірлеушілерге мемлекеттік қолдау құралдары, сапалы деректерге қолжетімділік және жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуге қажетті есептеу қуаттары туралы толық ақпарат беру, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет әзірлеушілерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр
«Презентация + демо» форматында өткен кездесуде нарық өкілдері технологиялық дамуды жеделдетуге арналған нақты мемлекеттік құралдармен танысты.
Мемлекет әзірлеушілер үшін сервистік серіктеске айналып, жасанды интеллект жүйелерін құру үшін аса маңызды ресурстарға – сапалы мемлекеттік деректерге және оларды өңдеуге арналған есептеу қуаттарына қолжетімділік ашты.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Дмитрий Мун ведомство мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен әзірлеушілер арасындағы кедергілерді барынша жоюға ұмтылып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, енді стартаптар мен IT-компаниялар дайын деректер жиынтығын ғана емес, өз жобалары үшін қажетті нақты ақпаратты министрліктен тікелей сұрата алады. Егер модельді оқыту үшін ерекше деректер қажет болса, әзірлеушілер сұраныс қалдырып, қажетті ақпаратты дайындауға көмектесу механизмін пайдалана алады.

Ashyq Data порталы іске қосылды
Бұл бағытта негізгі құралдардың бірі – министрлік «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірлесіп іске қосқан Ashyq Data порталы.
Порталда жылжымайтын мүлік сараптамасынан бастап медициналық көрсеткіштерге дейінгі шамамен 200 деректер жиынтығы қолжетімді, оның ішінде 73-і алғаш рет жарияланған эксклюзивті деректер.

Вице-министр Дмитрий Мун бұл платформаны 120-дан астам мемлекеттік базаны біріктіретін дербестендірілмеген деректердің орталықтандырылған «витринасы» ретінде сипаттады. Деректер апта сайын жаңартылып, әзірлеушілерге тегін ұсынылады.
ЖИ әзірлеушілеріне есептеу қуаттары беріледі
Кездесуде Astana Hub бас директорының кеңесшісі Ілияс Мақашев AlemLLM платформасын таныстырды. Бұл сервис компанияларға нейрожелілерді оқыту үшін қажетті есептеу қуаттарына арнайы өтінім жүйесі арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Демонстрация барысында қатысушылар платформаға қалай тіркелуге болатынын және жобалар үшін есептеу ресурстарын қалай пайдалануға болатынын тікелей эфирде көрді.
Алдағы үш жылға арналған цифрландыру жоспарлары таныстырылды
Кездесуде жасанды интеллекттің алдағы жылдары мемлекет үшін қандай салаларда маңызды болатыны да талқыланды.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова алдағы үш жылға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жоспарларын таныстырды. Бұл ақпарат бизнеске болашақта қандай технологиялық шешімдерге сұраныс болатынын және ел үшін қандай міндеттер өзекті екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың цифрландырылған деректері мен IT-жоспарлары ашық жарияланған.
«Біздің негізгі міндетіміз – цифрландыру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету және бүкіл IT-нарық үшін деректерге тең қолжетімділік беру. Біз мемлекеттік органдардың дайын әрі әзірленген бизнес-процестерін және бекітілген IT-жоспарларын жарияладық. Енді әрбір IT-компания мемлекеттік органның қандай деректері цифрландырылғанын, ал қайсысы әлі жоқ екенін көре алады», – деді Әлия Оспанова.
Ашық диалог IT-бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашты
Кездесу қызу пікірталаспен аяқталды. IT-бизнес өкілдері деректерді алу тетіктері, техникалық талаптар және бірлескен пилоттық жобаларды іске қосу мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды.
Спикерлер барлық сұрақтарға жауап беріп, мұндай кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.
Мамандардың пікірінше, мемлекет пен IT-нарық арасындағы мұндай диалог Қазақстанда идеядан дайын жасанды интеллект сервисіне дейінгі жолды едәуір қысқартып, технологиялық экожүйенің дамуына жаңа серпін береді.