«Бұл – нағыз тарихи сәт»: Мемлекет басшысы жастарды референдумға белсене қатысуға шақырды

1078
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйлеп, жаңа Конституция елдің технологиялық дамуына, жасанды интеллектіні енгізуге және жаппай цифрландыруға жаңа мүмкіндік ашатынын айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата заң Қазақстанның әділетті әрі өркендеген мемлекет ретінде дамуына негіз болады.

«Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан – бейбіт әрі ашық мемлекет

Президент Қазақстанның халықаралық беделі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, көк түсті қазақстандық паспорт әлемде құрметке ие, ал азаматтарымызды шетелде жылы қабылдайды.

Сонымен қатар бүгінде 90 мыңнан астам қазақстандық жастар шетелде кедергісіз білім алып жатыр.

«Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастарды референдумға қатысуға шақырды

Мемлекет басшысы 15 наурызда өтетін референдум Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болатынын атап өтті.

Оның айтуынша, сол күні әр азамат елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасап, Қазақстанның даму жолына үлес қоса алады.

«15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді», – деді Президент.

Ел болашағы жастардың қолында

Президент әсіресе жастарға арнайы үндеу жасап, ел тағдырына бейжай қарамауға шақырды.

«Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын өз қолыңмен құру деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа Конституция – болашаққа бағытталған қадам

Президенттің айтуынша, жаңа Конституция Қазақстанның дамуына жаңа серпін береді және елді әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына жақындатады.

«Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында ұлт бірлігі мен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

«Ұлы Абай “Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді” деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу», – деді Президент.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -