Қазақстан білім саласын жасанды интеллект дәуіріне дайындауда

715
Фотосурет: Gov

Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру жүйесін трансформациялау» тақырыбында ашық дәріс өтті. Дәріске ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты. Жас ғалымдар министрмен бірге орта білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен заманауи білім беру үрдістерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Конституциялық реформалар мен бастауыш білім

Министр Конституциялық реформалардың білім саласын жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Ата Заңның 33-бабына сәйкес бастауыш және орта білімнің міндеттілігін заң деңгейінде бекіту – мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығы мен болашақ дамуының кепілі.

«Бастауыш білімнің дербес мәртебеге ие болуы - әр баланың адами капиталы мен сауаттылығы үшін мемлекет тарапынан берілген тікелей кепілдік әрі тарихи жауапкершілік. Бұл - ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың негізі», - деді министр.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы

Сала министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының маңызын атап өтті. Бұл стратегиялық құжат балалардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біртұтас жүйе ретінде қызмет етеді.

Инфрақұрылымдық даму – «Келешек мектептері»

«Келешек мектептері» жобасы аясында 217 жаңа білім ордасы ашылды. Жаңа мектептердің техникалық әлеуеті бұрынғыдан төрт есе жоғары, аумағы 15-20%-ға артық. Бұл қалалық пен ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының теңсіздігін жоюға көмектеседі.

Педагогтардың мәртебесі мен әлеуметтік капиталы

TALIS 2024 халықаралық зерттеуінде Қазақстан мұғалімдерінің еңбек жағдайы бойынша әлемдегі жетекші бес елдің қатарына енгені анықталды. Жүктеменің оңтайландырылуы мен жалақының өсуі ұстаздардың беделін арттырды, 82%-ы өз мәртебесін қоғамда жоғары деп санайды.

Цифрландыру және жасанды интеллект

2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. «Qazaq Digital Mektebi» және «QazTech» экожүйелері оқушыларға жеке оқыту траекториясы мен цифрлық портфолио қалыптастырады. «ChatGPT Edu» жобасы арқылы 200 000-нан астам мұғалім өз ЖИ-ассистентін құру біліктілігін арттырады, бұл рутиналық жүктемеден арылуға мүмкіндік береді. MIT-пен серіктестік аясындағы «Day of AI Qazaqstan» бастамасы мектеп бағдарламаларын ЖИ құзыреттерімен толықтыруға бағытталған.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласы

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі цифрландыру және автоматтандыру бағытында қарқынды дамуда. Мемлекеттік тапсырыс көлемі 145 мың орынға жетті, оның 70%-ы технологиялық бағыттарға бөлінді. Жұмыс берушілермен бірлесіп 11 000-нан астам кәсіби стандарттарға сай білім беру бағдарламасы әзірленді. 43 000 студент мемлекеттік тапсырыс аясында білім алуда, оның 8 000-нан астамы жұмысқа орналасты. Дуальды оқытуға 11 000 кәсіпорын қатысып, 138 000 студент қамтылды.

Жас ғалымдар мен министрлік диалогы

Дәріс барысында докторанттар мен магистранттар жасанды интеллект этикасы, мектепке дейінгі білім беру сапасы мен оқулықтарды трансформациялау тақырыптарында сұрақтар қойып, ұсыныстар білдірді. Министр ғылыми қауымдастықты реформаларды сараптамалық сүйемелдеуге және жаңа білім беру модельдерін бірлесе жасауға шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -