Астанада қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр

1144
Фотосурет: Gov

Елордада коммуналдық қызметтер қыс мезгілі басталғалы бері тоқтаусыз, тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бір түнде 63 мың текше метр қар шығарылды

Өткен түнде қаладан қар полигондарына 3 652 ауыр жүк көлігінің рейсі арқылы 63 132 текше метр қар шығарылды.

Коммуналдық қызметтер қарды шығару және жолдарды тазарту жұмыстарын тәулік бойы жүргізіп жатыр.

Қала көшелерін тазалауға мыңдаған адам жұмылдырылды

13 наурыз күні таңертең Астанадағы көшелерді қар мен көктайғақтан тазартуға шамамен 1 791 арнайы техника және 2 973 жол жұмысшысы тартылды.

Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік жүретін жолдар тазаланады, кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Қыс басталғалы 7 миллион текше метрден астам қар шығарылды

Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 485 576 рейс арқылы 7 млн 342 мың 455 текше метр қар шығарылған.

Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, көшелер мен тротуарларға техникалық тұз себу жұмыстары да үздіксіз атқарылып жатыр.

Қала тұрғындарына ескерту жасалды

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

Тұрғындарға жолдар мен тротуарларда барынша сақ болу, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпау ұсынылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -