Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум кезінде шетелде 54 елде 71 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов «Референдум – 2026» онлайн марафонында хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, шетелдегі дауыс беретін қазақстандықтардың жалпы саны 14 380 адам.
Шетелдегі дауыс беру кестесі
Референдум учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңғы сағат 3:00-де Токио мен Сеул қалаларында басталды. Сағат 9:00-ге дейін жалпы 34 учаске ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны 350 адамды құрады.
Ең соңғы ашылатын референдум учаскесі АҚШ-тағы Сан-Франциско қаласында орналасқан. Ол бүгін сағат 19:00-де ашылады және 16 наурыз күні сағат 8:00-де жабылады.
Халықаралық бақылау
Сонымен қатар, 14-16 наурыз аралығында Алматы мен Астана қалаларында Халықаралық байқаушылар және шетелдік БАҚ-қа ықпалдасу орталығы жұмыс істейді.
15-16 наурызда Орталық алаңдарда халықаралық байқаушылар қатысуымен 15 брифинг өткізілмек.
Арман Исетовтің мәліметінше, шетелдегі қазақстандықтар да өз құқықтарын пайдаланып, жаңа Конституцияға дауыс беруге толық мүмкіндік алады.