Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға қатысып, Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президенттің пікірлері
Дауыс берген соң Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің дамуы мен болашағы үшін ерекше маңызды күн екенін атап өтті.

«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін», – деді Президент.
Сұрақ-жауап сессиясы
Брифинг барысында Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаты мен міндеттеріне, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сауалдарға жауап берді.
Бұл қадам Қазақстандағы тарихи оқиғалардың бірі болып саналады: жаңа Конституция арқылы елдің құқықтық жүйесі заманауи талаптарға бейімделіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары одан әрі қорғалмақ.