Қарағандыда облыстық тарихи-өлкетану мұражайын бір жарым жылдық ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Осы уақыт ішінде экспозициялық залдар толық жаңартылып, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.


Заманауи форматтағы экспозициялар
Енді өңір тарихы мультимедиялық және цифрлық шешімдер, жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы ұсынылады. Бұл жоба соңғы жылдары облыстағы музей кеңістігін жаңғырту бағытындағы ең ірі өзгерістердің бірі болды.


Жаңартылған мұражайды алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қоғам өкілдері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері тамашалады.
— Ұсынылған тәсіл ерекше ұнады. Жоба таныстырылымында көргеніміз бүгін толық жүзеге асқан. Мұнда облысымыз бен еліміздің тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін қамтылған, әрі жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қолданылған. Келушілер мұны жоғары бағалайды деп сенемін. Жобаны жүзеге асыруға қатысқан барлық мамандарға — құрылысшыларға, сарапшыларға және музей қызметкерлеріне алғыс айтамын, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Білім беру және ғылыми әлеует
Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің деканы Жарас Кенжеғали жаңартылған экспозиция студенттер мен магистранттар үшін оқу және тағылымдамадан өтуге ыңғайлы алаң болатынын атап өтті.

— Экспозиция көлемді түрде ұсынылған, Қарағанды облысының тарихына қатысты көптеген жаңа материалдар қосылған. Біз бұған дейін де музеймен тығыз жұмыс істеп келдік: студенттерді әкеліп, тәжірибеден өткіздік. Енді бұл жұмыс жаңа форматта жалғасады — студенттер мен магистранттар үшін бұл оқу мен тағылымдамадан өтуге өте жақсы база, — деді ол.
Көрермендер мен мәдениет қайраткерлерінің пікірі
Мәдениет саласының ардагері Рымбала Омарбекова мұражайдың заманауи әрі тартымды болып өзгергенін атап өтті.
— Мен мұражайдың бұрынғы қалпын жақсы білемін — ол да жақсы болатын. Бірақ бүгін көргеніміз мүлде басқа формат. Заманауи технологиялардың арқасында көне экспонаттар тіріліп кеткендей әсер қалдырады. Ең бастысы — экспозиция жастардың қызығушылығын оятады, — деді мәдениет қайраткері.
Музейдің тарихы
Қарағанды тарихи-өлкетану музейі 1932 жылы құрылған. Соңғы реэкспозиция шамамен 15 жыл бұрын жүргізілген.
Жаңартылған экспозиция өңір тарихын заманауи форматта көрсетуге мүмкіндік беріп, келушілерге қызықты әрі ақпараттық тәжірибе ұсынады.