Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің саудасына жүргізілген мемлекеттік бақылау нәтижелері қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Электронды шот-фактуралар арқылы бақылау
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова хабарлағандай, жыл басынан бері 2 мыңнан астам электронды шот-фактура талданды, оның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін қолдану талаптарын бұзу бойынша 631 дерек анықталды, тек ақпан айында 760-тан астам тәуекел тіркелген.
«Қазіргі таңда біз жасанды интеллект көмегімен сауда үстемесінің шекті мөлшерден асуы фактілерін ғана емес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша жасалатын мәмілелердің санын да талдаймыз. Мәселен, бір күнде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалса, олардың жалған болуы ықтималдығы жоғары. Наурыз айының алғашқы жартысында тиімсіз делдалдарға қатысты 56 әкімшілік іс тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды», — деді Айжан Бижанова.
Наурыз айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының орташа өсу индексі 0,2%, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен (0,5%) төмен.

Бағаны тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар
Сауда және интеграция министрлігі сүт өнімдері бағасын тұрақтандыру үшін Табиғи монополияларды реттеу комитеті, Азық-түлік корпорациясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстан Теміржолы ұлттық компаниясымен бірлесіп, салаға қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Көкөніс бағасының маусымдық өсуін тежеу үшін ерте пісетін өнімдерді импорттауға арналған «жасыл дәліз» енгізілді, сондай-ақ оларды кедендік бажсыз әкелу мүмкіндігі қарастырылуда.

Наурыз мерекесіне орай республика бойынша 200-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланған, ал 13–23 наурыз аралығында сауда үйлері мен орталықтарда Nauryz Sale акциясы ұйымдастырылмақ.

Алматы облысындағы инфляция
Жиында Алматы облысындағы азық-түлік инфляциясы да қаралды. Өңір баға өсімі бойынша ел ішінде төртінші орында тұр. Мұнда азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 11,7% деңгейінде қалыптасқан (бір айда +1,5%), жыл басынан бері сәбіз (41,1%), картоп (14,6%), қызанақ (13%), балық (12,6%), қырыққабат (9,7%) және басқа да тауарлар бағасы өскен. Жалпы 21 тауар позициясы бойынша баға өскен, оның 18-і бойынша көрсеткіш елдегі орташа деңгейден жоғары.
Вице-премьер Серік Жұманғарин өңірдің бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шараларын тыңдап, азық-түлік инфляциясын тежеу ең алдымен өңірлердің жүйелі және нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Өңірлер жергілікті өндірушілермен және жеткізушілермен тығыз байланыста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді жедел шешуі керек.