Наурызнама: ұландықтардың киімі мен техникасындағы ұлттық нақыштар

990
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери тәртіп пен ұлттық дәстүрдің тығыз байланысы бар. Әскери киім үлгілері мен қызметтік техниканың кейбір элементтері мәдени мәнге ие болып, ұлттық құндылықтарымызды көрсетеді. Мұндағы әшекейлер мен қолөнер элементтері ата-бабадан мұра болған қазақы ою-өрнектермен безендірілген, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құрмет қарауыл ротасының салтанатты киімі

Құрмет қарауыл ротасы еліміздің мемлекеттік салтанатты рәсімдерінде, әскери шерулерде және шетелдік делегацияларды қарсы алуда маңызды рөл атқарады. Ротаның әскери киімі ұлттық көркемдік дәстүрлер негізінде жасалған. Бұл киімнің әр элементінде қазақтың ою-өрнек элементтері кездеседі, оның ішінде әсіресе «қошқар мүйіз» оюы ерекше маңызға ие. Бұл ою күш-қуаттың, береке мен ұрпақ сабақтастығының белгісі болып табылады.

Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері шетелдік қонақтарға қазақ халқының ұлттық бейнесін паш етеді, сондай-ақ еліміздің мәдени болмысын айшықтайды.

Ұлттық нақыш әскери киімде

Ұлттық нақыштар Ұлттық ұланның киім үлгісінен тек Ротаға ғана тән емес, сонымен қатар қатардағы жауынгерден бастап, генералға дейінгі барлық ұландықтар киетін кеңсе және күнделікті формадағы погондардан да көрініс табады. Бұл қазақ мәдениетінде ою-өрнектердің ежелден бері ерекше мәнге ие болғанын көрсетеді. Ою-өрнектер тек сәндік қызмет атқармай, белгілі бір мағынаға ие болып, көбіне бойтұмар ретінде де қабылданған.

Ұлттық нақыш техниканың дизайнында

Ұлттық нақыш тек киімде ғана емес, техникада да көрініс тапқан. Наурызнама онкүндігі аясында қызметтік Hyundai Staria автокөліктері ұлттық ою-өрнекпен безендірілді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған көліктердің дизайны қазақы ою-өрнектердің элементтерімен үйлесімді түрде толықтырылып, заманауи техниканың ұлттық рухтағы көрінісін жасаған.

Ұлттық ою-өрнек Ұлттық ұланның әскери киімінен бастап, қызметтік техникасына дейінгі барлық бейнелерде көрініс тауып, еліміздің мәдени болмысын және жауынгерлік рухын айшықтайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -