Депутат, Фракция «AMANAT» партиясы» мүшесі Мархабат Жайымбетов премьер-министр Олжас Бектеновке бір реттік қолданылатын орауыштың экологиялық әсері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құрметті Олжас Абайұлы!Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілуде. Жаңа Конституцияда қоғамның басты сұраныстарының бірі - адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды іргелі қағидат ретінде орнықтыру.
Қазіргі уақытта елімізде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мәселесіне айрықша назар аударылуда. Жаңа Конституцияда еліміздің басты мақсаттарының бірі — адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, табиғатты қорғауды іргелі қағида ретінде орнықтыру болып белгіленген. Бұл бағытта Мемлекет басшысы өз сөзінде экологиялық қауіпсіздікті еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындап, табиғатты қорғау ісін жүйелі жаңғырту қажеттілігін баса айтқан еді. Аталған ұстанымның нәтижесінде елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты аялау жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға үлкен үлес қосып, AMANAT партиясы да өз тарапынан экологиялық жауапкершілікті нығайту үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Осы бағытта Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Таза Қазақстан жалпыұлттық бастамасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты аялау жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды.
Электрондық сауданың дамуы және экологиялық мәселелер
Соңғы жылдары электрондық сауда еліміздің экономикасында маңызды орынға ие бола бастады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы электрондық саудаға қатысты 18 237 өтініш тіркеліп, бұл көрсеткіш осы саланың тұтынушылық қатынастардың негізгі бөлігіне айналғанын дәлелдейді. Онлайн сауданың өсуі халыққа үлкен қолайлылық сыйласа да, ол өз кезегінде экологиялық мәселелерді туындатып отыр. Осыған байланысты, онлайн сауданың экологияға әсері әртүрлі себептермен күшейіп келеді.
Экологиялық әсер және оның салдары
-
Қаптама көлемінің артуы. Таңдалған тауарды зақымданбай жеткізу үшін пластик, пленка, картон секілді көптеген «шығын материалдары» қолданылады. Жеткізілгеннен кейін олардың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтар құрамындағы қаптама үлесі артып, полигондарға түсетін жүктеме жылдан-жылға көбейіп келеді.
-
Көлік тасымалдарының әсері. Жеткізу процесі көптеген көлік тасымалдарын талап етеді. Әлемдік зерттеулерге сәйкес, жүк пен тауар тасымалы көмірқышқыл газы бөлінуі шамамен 24 пайызын құрайды, оның ішінде негізгі үлес жеңіл және жүк көліктеріне тиесілі.
-
Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі. Елімізде жыл сайын 4,5 - 5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, ал қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2025 жылы шамамен 28 пайызды ғана құрады. Бірқатар өңірлерде мәселенің күрделене түсуі сұрыптау инфрақұрылымының жеткіліксіздігімен және бизнестің қаптама көлемін азайтуға немесе қайта пайдаланылатын ыдыс жүйесін дамытуға экономикалық ынталандырудың әлсіздігімен байланысты.
Халықаралық тәжірибе
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, онлайн-сауданың соңғы кезеңінде электр көліктерін пайдалану көмірқышқыл газының бөлінуін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, көптеген елдерде маркетплейстер қаптамаларды өздері қайта өңдеп, қайта пайдаланылатын орау жүйесін енгізу арқылы экологиялық жауапкершілікті арттырып келеді. Бұл тәжірибе әлем бойынша экологиялық проблемаларды шешуде маңызды қадам ретінде қарастырылады. Алайда елімізде бұл бағыттағы жұмыстар әлі толықтай енгізіліп болған жоқ, әрі осы тәжірибені кеңінен тарату қажет.
Сондықтан электрондық сауданың дамуы экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Табиғатты қорғау - тек мемлекеттің ғана емес, бизнес пен қоғамның да ортақ міндеті.
Ұсыныстар
Осыған байланысты электрондық сауда саласының қарқынды дамуын ескере отырып, экологиялық жүктемені азайту және қалдықтарды тиімді басқару мақсатында мынадай нақты ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз:
-
Электрондық саудада қолданылатын бір реттік қаптаманы қысқарту бойынша нақты нормативтік талаптар енгізіп, қайта пайдаланылатын әрі экологиялық қауіпсіз қаптама үлесін кезең-кезеңімен арттыру.
-
Ірі онлайн платформалар мен жеткізу компаниялары үшін қаптама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша кеңейтілген экологиялық жауапкершілік механизмін енгізу.
-
Ірі қалаларда қайтарымды контейнерлер, жәшіктер және көп рет қолданылатын қаптама жүйесін енгізу мақсатында пилоттық жобаларды іске қосу.
-
Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мақсатында өңірлерде заманауи сұрыптау кешендерін көбейтіп, осы салаға инвестиция тарту үшін экономикалық ынталандыру шараларын күшейту.
Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз,- «AMANAT» партиясының Фракциясының депутаттары