Наурыз – тек көктемнің ғана емес, рухтың жаңғыруының мерекесі. Биыл бұл мейрамды Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері ерекше серпінмен қарсы алды.
Ұлттық спорт күні аясында елдің түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімдерде дәстүр мен тәртіп, спорт пен сарбаздық шеберлік тоғысқан әсерлі шаралар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Дала рухы казармада тірілді
Қазақтың ұлттық ойындары – жай ғана жарыс емес, бұл ата-бабадан қалған өмір салты. Сол себепті әскери бөлімдерде ұйымдастырылған қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ, қыз қуу, садақ ату сынды сайыстар сарбаздардың бойындағы күш пен ептілікті ғана емес, ұлттық рухты да оятты.
Әсіресе, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау қорықшысы полкінде өткен жарыстар ерекше өтті. Мұнда ат спорты – тек дәстүр емес, жауынгерлік дайындықтың ажырамас бөлігі. Таулы аймақта қызмет ететін сарбаздар үшін жылқы – сенімді серік.
«Теріс Ащыбұлақ» полигоны бір күнге ипподромға айналды. Әскери қызметшілер аударыспақ, теңге алу, жамбы ату секілді күрделі ойындарда шеберліктерін көрсетті. Ал қыз қуу ойынында жігіттердің ешқайсысы офицер Ақнұр Исмаилованы қуып жете алмауы – көрермендердің көңілін бір көтеріп тастады.
Шымкенттен Гвардейскке дейін – спорт рухы
Шымкенттегі Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжде өткен жарыстар да қызу өтті. Мұнда ұландар қазақ күресі мен қол күресінен бастап, асық ату мен ләңгі тебуге дейін сынға түсті. Ең ерекше нәтиже – 24 келілік кір тасын 210 рет көтерген жас сарбаз Азамат Амандықтың көрсеткіші болды.

Ал Гвардейск гарнизонында жарыстарға тек әскери қызметшілер ғана емес, олардың отбасы мүшелері де белсенді қатысты. Бұл – армияның тек тәртіп пен бұйрыққа емес, отбасы құндылықтарына да мән беретінін көрсетеді.





