Астанадағы SOS балалар ауылында «Жылу – балалар жүрегіне: қытайлық кәсіпорындар әрекетте» атты II қайырымдылық іс-шара өтті. Игі бастаманы Қазақстандағы қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығы ұйымдастырды.
Бұл акция әлеуметтік жағдайы қиын балаларды қолдауға бағытталған қайырымдылық бастаманың жалғасы. Шара аясында Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың өкілдері қатысып, қаржылай және материалдық көмек көрсетті.
Іс-шара Наурыз мерекесі қарсаңында өтті. Көктемнің жаңаруымен үндес бұл игі бастама қоғамдағы жылулық пен үміттің белгісіне айналды.
SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері мен тәрбиеші-аналары Наурыз мерекесіне орай арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Шара барысында қонақтарға шашу шашылып, қазақтың бай салт-дәстүрі кеңінен насихатталды.
Балалар ұлттық билерін билеп, Наурыз туралы тақпақтарын мәнерлеп оқыды.
Ал тәрбиеші-аналар қазақы келін түсіру дәстүрінің элементтерін сахналық көрініс арқылы көрсетіп, домбырамен күй орындады.
Елші: Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь өз сөзінде қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.
Көктем самалы есіп, табиғат қайта түлегендей, бүгінгі көңіл-күйіміз де жылылық пен үмітке толы. Бүгін біз тек қайырымдылық жасау үшін ғана емес, Қытай кәсіпорындарының Қазақстан қоғамына қосып отырған нақты үлесін көрсету үшін жиналып отырмыз. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі, – деді елші.
Оның айтуынша, Қытай кәсіпорындары Қазақстанда тек бизнес жүргізіп қана қоймай, елмен тағдырлас, тығыз әрі жылы байланыс орнатып отыр.
Бұл жетістіктер палатаға мүше кәсіпорындардың тұрақты әрі жан-жақты қолдауынсыз мүмкін болмас еді. Олар Қазақстанға тек технология мен жетістіктер әкеліп қана қоймай, екі халық арасындағы достық көпірін нығайтуға да үлес қосып келеді, – деді ол.
Елші сондай-ақ Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «балалар – ұлттың болашағы, мемлекеттің үміті» деген сөзін келтіріп, қытай кәсіпорындарының әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмысы жалғасатынын айтты.
Қытай кәсіпорындары қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, қаржылай және материалдық көмек көрсетіп келеді. Осы арқылы олар қоғамның дамуына нақты үлес қосып, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етуде. Алдағы уақытта да компаниялар қоғамға шынайы қайтарым жасап, балалардың денсаулығы мен жан-жақты дамуына үлес қоса береді, – деді Хань Чуньлинь.
Ол бүгінгі игі бастама аясындағы әрбір қамқорлық балалар үшін болашаққа жол көрсететін жарық шамға айналатынын атап өтті.
Біз балалар ауылындағы әрбір балаға зор денсаулық, бақыт пен амандық тілейміз. Бұл қамқорлық олардың арманына қанат бітіріп, болашағына сенім береді. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін, – деді елші.
SOS балалар ауылы: Бұл – игі дәстүрге айналды

SOS балалар ауылының директоры Гүлнар Үскенбаева қытай кәсіпкерлеріне алғыс білдіріп, мұндай қолдау жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқанын айтты.
Көктем мерекесі қарсаңында балалар ауылына арнайы келіп, қолдау көрсету – игі дәстүрге айналды. Наурыз – әр отбасы үшін маңызды мереке. Осындай сәтте көрсетілген қамқорлық балалардың болашаққа деген сенімін арттырып, үміт сыйлайды, – деді ол.
Оның айтуынша, көрсетілген көмек тәрбиеленушілердің өмір сүру және білім алу жағдайын жақсартуға бағытталады.
Қайырымдылық – нақты нәтиже береді
Орталық Азия және Ресей бойынша CNPC компаниясы бас директорының орынбасары Гао Бин балалар ауылының қызметіне жоғары баға берді.
Бұл мекеме қиын жағдайдағы балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Бүгінгі қайырымдылық олардың өмір сүру және оқу жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл – қытай кәсіпорындарының әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі, – деді ол.
17 компания, 4,2 млн теңге көмек

Биылғы қайырымдылық акциясына Қазақстанда жұмыс істейтін 17 қытайлық кәсіпорын мен ұйым қатысты. Олардың қатарында, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC), «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС, China Energy Engineering Corporation Қазақстандағы филиалы, Citic Construction, Zhejiang Zeekr Intelligent Technology, «Astana San Bao» ЖШС, «Kai Sheng» ЖШС, «Qazpost – YTO» ЖШС, «Пекин Хого» және «Принцесса» мейрамханалары және басқа да ұйымдар бар.
Жалпы қайырымдылық көмектің көлемі ақшалай және заттай түрде шамамен 4 млн 210 мың теңгені құрады.
Жылы атмосферада балалар мен қонақтар Наурызды бірге атап өтті.
Ресми бөлімнен кейін қонақтар балалар ауылының аумағын аралап, тәрбиеленушілердің өмір сүру және білім алу жағдайымен танысты. Сондай-ақ балалармен бірге мерекелік шараларға қатысып, дастархан басында жүздесті.

Жылы әрі достық атмосферада өткен кездесу шараға ерекше шынайылық пен рухани мән берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қытай кәсіпорындары алдағы уақытта да әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанып, қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар бастамаларға белсенді қатысуды жалғастырады.
Сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтуға және ортақ тағдыр қауымдастығын дамытуға үлес қоса бермек.