Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда ең дәмді су қай өңірде екенін айқындады. Бұл сұрақты министр көп ретте журналистерден еститінін айтты және өз пікірін бөлісті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Суретті түсірген: Gov
Туған жердің суы – ең тәтті
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қай өңірдің суы болсын, ол әр адамға өз туған жерінің суындай ерекше әрі тәтті көрінеді. Министр су құрамында минералдармен қатар адамның балалық шағы мен елге деген сағынышы, туған топыраққа деген құрметі де бар екенін атап өтті. Осылайша, қай өңірдің суы болмасын, оның қадірі туған жердің қадіріне тең болады.
«Журналистер менен «қай жердің суы тәтті?» деп жиі сұрайды. Біз жұмыс бабымен еліміздің барлық өңіріне барып тұрамыз. Барған жерімде міндетті түрде су ішемін. Айтайын дегенім, қайда барсаң да, туған жердің суына жетпейді. Ол судың құрамында тек минералдар емес, адамның балалық шағы, елге деген сағынышы, туған топыраққа деген құрметі бар. Қай өңірдің суы болмасын, оны қадірлеу – туған жерді қадірлеумен тең. Сол себепті әркімге өзінің туып-өскен ауылының суы балдай көрінеді», – деді Нұржан Нұржігітов.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы
Су ресурстары және ирригация министрі жақында Жамбыл облысына барып, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының алғашқы кезеңін бастауға қатысты. Бұл акцияның мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі бұлақтарды тазалау және оларды қалпына келтіру. Акция аясында 28 бұлақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, айналасындағы аумақтар абаттандырылды.
Шараға бір мезгілде 3,8 мың адам қатысты, оның ішінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ведомствоға қарайтын ұйымдардың мамандары, еріктілер және студенттер бар.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында
Бұл экологиялық акция Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті. Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, мұндай шаралар еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға көмектеседі.