Қауіпсіз сапар – жауапты міндет

693
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Елімізде бейбіт өмірдің берік болуы – көзге көрінбейтін, бірақ күндіз-түні тынымсыз атқарылатын қызметтердің нәтижесі. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрбір құрылымның, әр маманның өз орны бар. Солардың бірі – Ұлттық ұлан жүйесінде қызмет ететін арнайы әскери тасымалдау қызметі. Бұл – бейбіт уақытта да, соғыс жағдайында да мемлекет мүддесіне сай міндеттер жүктелетін айрықша сала.

Арнайы тасымалдау қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – арнайы контингентті темір жол арқылы жеке құрамды, техника мен қару-жарақты жауынгерлік қызмет атқарылатын аймаққа жеткізу.

Тасымалдау үдерісінің қатаң талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы жауынгерлік қызметтің бір сәтке де іркіліксіз жүруіне жол ашады. Бұл өз кезегінде жоғары біліктілік пен мол тәжірибені талап ететін мамандар еңбегіне сүйенеді.

Арнайы тасымалдау қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – арнайы контингентті темір жол арқылы жеке құрамды, техника мен қару-жарақты жауынгерлік қызмет атқарылатын аймаққа жеткізу.

Тасымалдау үдерісінің қатаң талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы жауынгерлік қызметтің бір сәтке де іркіліссіз жүруіне жол ашады. Бұл өз кезегінде жоғары біліктілік пен мол тәжірибені талап ететін мамандар еңбегіне сүйенеді.

Уақыт тезінен өткен қызмет

Арнайы және әскери тасымалдау қызметінің тарихы өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастау алады. Бұл ел үшін сын сағат туған, жауапкершілігі айрықша кезең еді. Сол жылдары Қазақстан аумағында арнайы бөліністер құрылып, кәсіпорындар мен мекемелердің, сотталғандар мен әскери тұтқындардың темір жол арқылы тасымалдануын қамтамасыз етті.

Соғыстан кейінгі жылдары әскери тасымалдау бөлінісінің қызмет аясы біртіндеп кеңейе түсті. 1950-жылдары КСРО ІІМ жүйесінде Қазақстан темір жолы бойынша арнайы тасымалдау бөлімшесінің құрылуы бұл саланың институционалдық тұрғыдан нығаюына жол ашты. Кейінгі жылдары қызмет ауқымы кеңейіп, 1974 жылы Алматы, Батыс Қазақстан және тың темір жолдарында жеке бөлімшелердің ашылуы тасымалдау жүйесінің республика аумағында біртұтас қалыптасуына негіз қалады.

Егемендік алған кезең бұл қызметтің дамуына жаңа серпін берді. Қалыптасқан міндеттермен шектелмей, арнайы тасымалдау саласы мемлекеттік маңызы бар жаңа бағыттарды қамти бастады. Соның ішінде Ұлттық банкке тиесілі құндылықтарды және халықаралық келісімдер аясындағы тасымалдарды бақылау ісі жүйеленді.

Осылайша, бірнеше тарихи кезеңді артта қалдырған арнайы және әскери тасымалдау қызметі 2009 жылдың ақпан айында жаңа белеске көтерілді. Ол Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның қарамағына өтті. Бұған дейінгі Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Орталық аппаратында, Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде, Алматы облысы бойынша Ішкі істер департаменті құрамында болған.

Еңбегімен ер мүсінді...

Тарих қойнауында тамыры тереңге жайылған арнайы және әскери тасымалдау қызметі бүгінде тәжірибелі мамандардың қолында дамуын жалғастырып келеді. Солардың алдыңғы сапында жауапкершілікті иығына артқан азаматтардың бірі – бөлімше басшысы подполковник Ардақ Мырзабеков.

Ардақ Бейсенәліұлы Жамбыл өңірінің қоңыр табиғатымен үндескен Тараз қаласына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келген. Төрт ағайынды. Оңтүстіктің топырағында өткен балалық шағы оның көзқарасын айқындап берді. Артық сөзден гөрі нақты істі, дабырадан гөрі нәтижені бағалайтын ұстаным осы жолдар бойына орнықты.

Әскери қызметке деген қызығушылығы мектеп жасынан бастау алғанымен, алғашқы талпыныс-
тар жолындағы кедергілер оның жігерін жасыта алған жоқ. Керісінше мақсатқа жетудің мәнін терең ұғындырды.

Осы ұстаныммен ол білім жолын Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы жоғары оқу орнында жалғастырды. Университет қабырғасында жүріп, болашақ кәсіби бағытын нақтылай түсті. Оқу барысында әскери арманынан қол үзбей, 2008 жылы оқу орнындағы әскери кафедраны аяқтады. Бұл шешім оның әскери қызмет жолындағы саналы әрі жоспарлы қадамы болды.

2009 жылы «лейтенант» әскери шенін алып, Ұлттық ұланның 6636 әскери бөліміне автотехникалық взвод командирі болып тағайындалуы – осы ұзақ әрі табанды ізденістің заңды жалғасы еді. Дәл осы кезеңде ол әскери қызметтің теориядан бөлек, күнделікті талап пен нақты жауапкершілікке негізделген қырын тереңінен таныды.

Техника саласындағы білімі Ардақ Бейсенәліұлының әскери қызметіндегі бағытын айқындап қана қоймай, оны жаңа жауапты қызмет аясына әкелді. 2012 жылы Қарағанды қаласындағы 6800 әскери құрамасының арнайы әскери тасымалдау бөлімшесіне офицер болып тағайындалуы оның кәсіби қызметіне бетбұрыс кезеңдерінің бірі болды. Бұл салада әрбір шешім нақты есепке, әрбір әрекет дәлдікке негізделетін.

Әскери тасымалдау саласы одан тек техникалық сауаттылықты ғана емес, кең ойлау мен жедел шешім қабылдау қабілетін де талап етті. Қызмет барысында ол тасымалдау үдерісінің ішкі логикасын, жоспарлау мен бақылаудың маңызын, ұжымдық үйлесудің шешуші рөлін терең меңгерді. Уақыт өте келе жауапкершілік шеңбері кеңейіп, міндет күрделене түсті.

Осы әскери құрамда тоғыз жыл бойы үздіксіз қызмет атқарған кезең – оның кәсіби тұрғыда қалыптасу мектебі болды.  Қатардағы офицер ретінде басталған даңғыл жол басқару деңгейіндегі қызметке ұласты. Уақыт өте келе лауазым өзгерді, міндет күрделенді. Ал шешімдер бұрынғыдан да дәл бола түсті. Сол аралықта ол қызметтің сыртқы тәртібінен гөрі, ішкі заңдылықтарын тереңірек таныды.

Кәсіби жолдың белгілі бір кезеңінде жинақталған тәжірибе жеткіліксіз бола бастайды. Сол сәтте адам өзінен бұрынғы білімін емес, өзінен кейінгі деңгейін іздейді. Ардақ Бейсенәліұлы үшін 2021 жыл дәл осындай ізденістің бастауы болды. Ол Ресей Федерациясындағы Хрулев атындағыМатериалдық қамтамасыз ету әскери академиясына оқуға түсіп, әскери тасымалдау мен материалдық қамтамасыз ету саласының терең құрылымын жүйелі түрде зерделеуге бет бұрды.

Академия қабырғасындағы жылдар тек теориялық дайындықпен шектелген жоқ. Бұл кезең оған бұрынғы қызметтік тәжірибеге басқа қырынан қарауға, қабылданатын шешімдердің ауқымын кеңінен пайымдауға мүмкіндік берді. Әскери логистика, басқару, жоспарлау мен бақылау тетіктері бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылып, офицерлік ойлау жүйесін жаңа деңгейге көтерді. Ол 2023 жылы академия қабырғасындағы оқуын сәтті аяқтады.

Осылайша 2023 жыл оның қызмет жолындағы жаңа салмақты міндеттерге жол ашты. Ардақ Бейсенәліұлына арнайы әскери тасымалдау орталығын басқару сеніп тапсырылды. Жылдар бойы бірізді қалыптасқан қызмет жолы жаңа жауапкершілік деңгейінде жалғасуына бастау алған еді.

– Әскери қызметке қызық іздеп келмедім. Ішкі арманымды орындап, халыққа пайдам тисе екен деп келдім. Мұнда күн сайын нақты шешім қабылдайсың, әрбір шешімнің артында жауапкершілік бар. Біз істейтін қызмет көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ оның салдары көзге анық көрінеді. Бір тасымалдың уақытылы орындалуы, бағыттың дұрыс таңдалуы бүкіл жүйенің іркіліссіз жұмыс істеуіне әсер етеді.

Арнайы-әскери тасымалдау - ұқыптылықты, есепті, сабырды талап ететін қызмет. Мұнда асығыстық қауіпті, ал бейқамдыққа мүлде орын жоқ. Әр вагон, әр маршрут, әр минут бақылауда болуы тиіс. Себебі, біз тек теміржол қозғалысын емес, мемлекеттік жүйенің маңызды бір тетігін қамтамасыз етіп отырмыз, - дейді Ардақ Бейсенәліұлы.

Иә, арнайы әскери тасымалдау қызметі – сырт көзге байқала бермейтін, алайда еліміздің қауіпсіздік жүйесінде айрықша орын алатын жауапты сала. Бұл қызмет тек Ұлттық ұлан шеңберімен шектелмейді. Арнайы әскери тасымалдау орталығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесіне қарасты барлық тасымалдау үдерістеріне тікелей жауап береді.

Қызмет аясында жедел, жұмылдыру және эва- куациялық тасымалдар ұйымдастырылады. Әрбір бағыттың артында нақты жоспар, қатаң тәртіп пен уақытпен санаспайтын жауапкершілік жатыр. Себебі бұл – адам тағдырына, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін жұмыс.

Бұл саладағы қызмет тәулік бойы үздіксіз бақылауды талап етеді. Сотталғандарды арнайы вагондармен еліміздің барлық өңіріне тасымалдау – Ұлттық ұланға жүктелген негізгі міндеттердің бірі. Арнайы вагондардың қозғалысы кестеге сай уақытында тіркелуі, толық жабдықталуы, жол үстінде туындауы мүмкін кез келген техникалық ақауға жедел әрекет ету – осы қызметтің күнделікті жұмысы. Осы мақсатта Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырлған.

– Бұл қызмет жеке адамның қызметімен өлшенбейді. Арнайы әскери тасымалдау - әр офицердің жауапкершілігі бір-бірімен тығыз байланысқан, бір тетігі тоқтаса бүкіл жүйеге әсер ететін сала. Сол себепті бүгінгі нәтижелер ең алдымен кәсіби, сенімді әрі адал әріптестерімнің еңбегінің жемісі деп білемін.

Осы ретте Арнайы әскери тасымалдау орталығының аға офицерлері Ринат Сәлімбаев, Мейірхан Сағынбаевқа, сонымен қатар «Орталық» өңірлік қолбасшылығындағы әскери тасымалдау бөлім бастығы Тимур Сәулетұлының, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағындағы бөлім басшысы Бекзат Нүсіпбаевтың күнделікті еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Өңірлердегі әрбір әріптесім өз бағыты бойынша нақты жауапкерішілікті арқалап, тасымалдау үдерісінің үздіксіз әрі талапқа сай орындалуына үлес қосып жүрген білікті мамандар. Олардың кәсібилігі мен тәртіпке деген талапшылдығы – бүкіл жүйенің сенімді жұмыс істеуінің негізі деп білемін, -деп атап өтті Арнайы әскери тасымалдау орталығының басшысы Ардақ Мырзабеков.

Бұл салада қызмет атқаратын офицерлерге қойылатын талап та жоғары. Мұнда тек даярлықтан өткен, теміржол саласына қатысты жоғары профильдік білімі бар офицерлер ғана қызмет етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша бұл бағытта бес кадрлық офицер еңбек етеді, олардың барлығы Ресей Федерациясында арнайы оқу орындарын тәмәмдаған. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында жыл сайын бір офицер арнайы оқу үшін шетелге жіберіліп келеді.

Ардақ Бейсенәліұлы арнайы әскери тасымалдау қыз­метінің жауапкершілігі нақты сыналған кезеңдер туралы да еске алды. Соның бірі – 2024 жылдың көкте­мін­де орын алған су тасқыны кезінде атқарылған ауқым­ды эвакуациялық жұмыстар. Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан шамамен үш мыңға жуық сотталғанды қауіпсіз аймақтарға көшіру міндеті жүктеліп, ол арнайы әскери тасымалдау орталығы тарапынан тол­ық әрі уақытында орындалады. Жеке эшелонмен жүзеге асырылған бұл тасымал қызмет тарихындағы алғаш рет тәжірибеде қолданылған ауқымды операция болды.

Осылайша, арнайы әскери тасымалдау қызметі тек техникалық жаңарудан емес, жүйелі ұйымдастыру мен кәсіби кадрлық әлеуеттің арқасында дамып келеді. Арнайы вагондардың жаңартылуы инфрақұрылымдық жеңілдіктер мен офицердердің біліктілігі – қызметтің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басты факторлар. Мұның бәрі Ұлттық ұланның тапсырмаларын сенімді орындауға мүмкіндік беріп,  мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей үлес қосып отыр.

Жанерке Мұратқызы

 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -