Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік

836
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, экономикалық және мәдени байланыстар талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қонақжай қабылдау мен ризашылық

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты:

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік, иә болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Бұхара – тарихи мұра

Президент екі жарым мың жылдық тарихы бар Бұхара қаласының әлемдік тарихи-мәдени мұра екеніне тоқталды:

– Бұхара – Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі. Бұл көне шаһар мен қазақ халқының арасында белгілі-белгісіз байланыстар көп. Қазақтың әйгілі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Бұхарада ілім жиған. Ғасырлар бойы қазақтың көптеген зиялылары Бұхарада білім алып, жергілікті медреселерде оқыған. Мұнда адамзаттың өркендеуіне айрықша әсер еткен кезеңдер мен ұлы өркениеттің тынысын сезінесіз. Бүгінде Бұхара өзінің мыңжылдық дәстүрі мен Жаңа Өзбекстанның қарқынды дамуын үйлестіріп отыр. Қазіргі Бұхараны тамашалап, барлық ғимаратқа жаппай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеніне куә болдық. Бұл – өте үлкен істің нәтижесі, ең бастысы, ұлы тарихи мұраға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Стратегиялық серіктестік пен одақтастық

Президент тарихи тығыз байланыстар екі ел арасындағы серіктестік негізі екенін атап өтті:

– Екіжақты қарым-қатынасымыздың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілуіне, құрметті Шавкат Миромонович, Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Қазақстан ең жақын көрші әрі одақтас ел ретінде Сіздің парасатты басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді толық қолдайды. Өзіңіз белгілеген стратегиялық бағдар арқылы халқыңыздың әл-ауқаты ұдайы жақсарып, ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Бұл жетекші қаржы институттарының рейтингінде оң бағаланып, еліңіздің халықаралық аренадағы беделі артып келеді. Сіздің ұлттық мүддені көздейтін дәйекті саясатыңыз Өзбекстанның, сондай-ақ тұтас аймақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда жаңа Конституция қабылдануына байланысты Шавкат Мирзиёевтің құттықтауын ерекше атап өтті.

Экологиялық ынтымақтастық

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентінің «Таза ауа» бастамасын қолдап:

– Сіздің таза ауаға қатысты бастамаңызды құптаймын. Ташкенттегі экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіруіңізді түсінемін. Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, «Таза ауа» бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз. Президенттер ұйытқы болған бұл жобаны үкіметтеріміз жүзеге асырады. Жұртшылық пен халықаралық қоғамдастық мұны қуаттайды деп санаймын. Шын мәнінде, бұл бастама аясында көп іс атқаруға болады. Осы арқылы жергілікті билік пен кәсіпкерлер экологияны қорғауда, табиғатты аялауда жауапкершілік жүгін жете сезінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Экономикалық және мәдени ынтымақтастық

Шавкат Мирзиёев кездесудің маңызын атап, екі елдің әртүрлі салалардағы байланыстарын кеңейтуге назар аударды:

– Сіздің бұл сапарыңыз ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достықты, тығыз бауырластықты көрсетеді, сондай-ақ стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастың ұдайы нығайып келе жатқанына дәлел. Ашық әрі риясыз келіссөздер ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, өңірдегі өзара ықпалдастық аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатынына сенімдімін, – деді Өзбекстан Президенті.

Кездесу барысында келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық талқыланды:

  • Сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу
  • Көлік-транзит және су-энергетика салалары
  • ІТ және цифрландыру секторлары
  • Мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмді дамыту

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жол картасын қабылдады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -