Қазақстанда депозиттер қаражатты сақтаудың ең танымал әрі түсінікті құралдарының бірі болып қала береді. Валюта бағамдарының құбылуы, инфляциялық күтулер және пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі аясында банктік салымдарға деген қызығушылық арта түсуде. Нарықта депозиттердің бірнеше түрі ұсынылады — олар икемділігі, табыстылығы және қаражатты пайдалану шарттары бойынша бір-бірінен ерекшеленеді.
Қазақстанда мерзіміне қарай депозиттердің екі түрі бар:
- Мерзімді салымдар — белгілі бір мерзімге орналастырылатын және табыстылығы жоғары болатын депозиттер.
- Талап еткенге дейінгі салымдар — мерзімі шектелмеген, шарттары барынша икемді депозиттер. Мұндай салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесі, әдетте, өте төмен немесе 0%-ды құрайды. Бұл салым түрі қаражатты уақытша сақтауға (оған тұрақты қол жеткізу қажет болған жағдайда), сондай-ақ есеп айырысу операцияларын жүргізуге қолайлы.
Жалпы алғанда, депозиттердің ішінде ең кең таралғаны — мерзімді салымдар. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ұжымдық депозиттерді сақтандыру жүйесіне кіретін ҚР ЕДБ-дағы халықтың мерзімді салымдарының көлемі шамамен 25 трлн теңгеге жетті — бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 19%-ға артық.
Айта кетерлігі, жекелеген банктердегі жағдай біркелкі емес және айтарлықтай ерекшеленеді.
Қазақстандағы барлық ЕДБ арасында халықтың мерзімді салымдарының өсімі бойынша ForteBank көш бастап тұр: бір жылдағы өсім 41,8%-ды немесе 350 млрд теңгені құрады. Ақпан айының соңында банктегі мерзімді депозиттердің көлемі шамамен 1,2 трлн теңгеге жетті.
Қаржы институтының көш бастау себебі түсінікті. Біріншіден, ForteBank жоғары қаржылық көрсеткіштерімен салымшылар тарапынан сенімді нығайтып отыр. Екіншіден, банк нарықтағы ең тиімділердің бірі саналатын бірнеше депозит түрін ұсынады. Олардың қатарында тиімді сыйақы мөлшерлемесі 15,7%-ға дейін жететін «Ақша шешетін депозит», 20%-ға дейінгі мөлшерлемесі бар «Ақша шешпейтін жинақ депозиті» және 14,9%-ға дейінгі «Ақша шешілмейтін депозит» бар. Бұдан бөлек, ForteBank қолжетімді бастапқы жарналарды және мобильді қосымша арқылы шоттарды ыңғайлы басқару мүмкіндігін ұсынады.
Мерзімді салымдардың өсімі бойынша екінші орынды Freedom Bank иеленді: бір жылдағы өсім 41,7%-ды немесе 240,9 млрд теңгені құрады. Ақпан айының соңында қаржы институтында мұндай депозит түрлерінің көлемі 819 млрд теңгеге жетті.
Қазақстандағы ЕДБ-ның үздік үштігін Bank RBK түйіндейді: мерзімді салымдар көлемі бір жылда 36,6%-ға өсіп, 697,1 млрд теңгеге жетті.
Алғашқы бестікке Отбасы банк (плюс 25%) және Bereke Bank (плюс 25%) кірді.
Сонымен қатар талдау кезеңінде Қазақстандағы алты ЕДБ-да халықтың мерзімді депозиттері көлемінің қысқарғаны байқалды.
Десе де, нарықтың ұзақ мерзімді динамикасы тұрақты әрі жедел өсімді көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда олардың көлемі орта есеппен жылына шамамен 21% өсіммен 2,5 еседен астам артты.
Жалпы алғанда, Қазақстанның депозит нарығы тұрақты өсім мен банктер арасындағы күшейіп келе жатқан бәсекенің аясында дамуын жалғастырып отыр. Қалыптасқан макроэкономикалық белгісіздік жағдайында салымдар жинақтаудың негізгі құралы ретінде өз маңызын сақтап, сенімділік, табыстылық және өтімділік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуде. Ал бұл сегменттің алдағы даму қарқыны пайыздық саясатқа, инфляциялық күтулерге және қаржы институттарының клиенттерге икемді әрі тиімді өнімдер ұсына алу қабілетіне тікелей тәуелді болады.
