2026 жылғы 15 сәуірде Астанада бастамашыл топ жаңа «Әділет» саяси партиясын құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасады. Жаңа партияның негізгі мақсаты – Әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігін нығайту және шешім қабылдау процесіне азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Әділет» партиясының негізгі мақсаты мен міндеттері
Жаңа партия өзін прогрессивті реформалардың жақтаушысы ретінде танытады. Оның басты міндеті – Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жаңа Конституция қағидаттары мен Әділетті Қазақстан құндылықтарына сүйене отырып, еліміздегі барлық азаматтың мүдделерін қамтамасыз ету.
Партияның миссиясы 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін партия өз қатарларына прогрессивті жастарды, әр түрлі сала мамандарын, қала мен ауыл тұрғындарын біріктіріп, ел азаматтарының мүдделерін қорғауға дайын.
«Біз экономикасы қуатты, баршаға кең мүмкіндік беретін және әлемдік қоғамдастықта абыройлы да беделді, Әділетті мемлекет құру және оны нығайтуға мүдделі барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіргіміз келеді», – деп мәлімдеді бастамашы топ.
Партияның басты құндылықтары
«Әділет» партиясының бастамашылары партия жұмысының негізін келесі құндылықтар құрайтынын жариялады:
- Әділет: әр азаматтың құқығын қорғау, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету;
- Патриотизм: Қазақстанның дамуына үлес қосу, отанға адал қызмет ету;
- Еңбекқорлық: барлық азаматтардың еңбек етуге тең құқықтары мен мүмкіндіктері болуы керек;
- Жауапкершілік: саяси және әлеуметтік процестерде барлық тараптардың жауапкершілігі;
- Прогресс: қоғамды дамытып, жаңа мүмкіндіктер ашу, инновациялар енгізу.
Партияның басымдықтары
«Әділет» партиясы өз саяси бағдарламасын қалыптастыру барысында азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және сала мамандарымен тығыз жұмыс істемек. Партияның алдағы мақсаттары мен басымдықтары ретінде келесідей мәселелер қойылды:
- Барлық қазақстандықтар үшін мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету, кландық, өңірлік ерекшеліктердің ықпалын азайту.
- Тәуелсіз, тиімді әрі объективті құқық қорғау және сот жүйесін нығайту.
- Экономикалық әділдік пен Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Партияның тіркеу рәсімі және құрылтай съезі
16 сәуірде бастамашы топ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне тіркеуге дайындық рәсімін бастау туралы өтініш жібереді. Сондай-ақ, партия құрылтай съезін өткізу жоспарлануда. Бұл съезд барысында партияның негізгі бағыттары мен бағдарламасы ресми түрде жарияланып, партияның алғашқы мүшелері бекітіледі.
Жаңа саяси партия құру туралы мәлімдеме
"Құрметті отандастар!
Біз, прогрессивті реформаларды қолдайтын,
Әділетті Қазақстан құру идеясын ұстанатын азаматтар,
жаңа саяси күш — «Әділет» партиясын құру бастамасымен жариялаймыз!
Біз 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Жаңа Конституцияны қолдаған ел азаматтары басым бөлігінің үнін білдіреміз.
Бұл ел дамуының жаңа кезеңін айқындаған тарихи қадам.
Біз бүгінгі күн – жаңа саяси ұйым құру үшін шешуші сәт екеніне сенімдіміз.
Бұл ұйымның басты мақсаты — әрбір Қазақстан азаматының нақты мүддесіне қызмет ету.
«Әділет» партиясы елімізді жан-жақты жаңғырту бағытын жүйелі әрі тиімді жалғастыру үшін құрылады.
Біз еліміздің жасампаз күштерді біріктіріп, әділетті, тиімді және ашық мемлекет құруға ұмтыламыз.
Қазақстан — экономикасы қуатты, әр адам үшін тең мүмкіндіктер жасалған, халықаралық деңгейде беделі жоғары ел болады.
«Әділет» партиясының негізгі мақсаты — Жаңа Конституция қағидаттарына және Әділетті Қазақстан құндылықтарына сүйене отырып, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау."
Мәлімдемеге қол қойған бастамашыл топ мүшелерінің тізімі:
- Атабаева Гүлзира Нұржанқызы
- Бектуров Ренат Нұрмолдаұлы
- Жаманқұлова Қарлығаш Қалибекқызы
- Зәкиева Динара Болатқызы
- Кенжеханұлы Рауан
- Кузиева Замира Закиржанқызы
- Қарабасова Лаура Шапайқызы
- Құсайынов Айғазы Әмірланұлы
- Лаврентьев Андрей Сергеевич
- Матжани Нұрбек Сейілханұлы
- Нұрмұхамедов Бөріхан Жолбарысұлы
- Сүгірбай Аят Исатайұлы
- Тауан Мұхамедқали Эдуардұлы
- Тен Ирина Сергеевна
- Шибутов Марат Максұмұлы
- Шыңғысбаева Ләззат Алтынбекқызы