Марракеш қаласында (Марокко) өтіп жатқан GISS-2026 Жаһандық симпозиумы аясында авиациялық қауіпсіздік пен тергеу жүйесін дамытуға арналған маңызды панельдік сессия ұйымдастырылды. Талқылау қауіпсіздікті қадағалау (RSOO) және авиациялық оқиғаларды тергеу (RAIO) бойынша өңірлік тетіктердің рөліне арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңірлік ынтымақтастық – қауіпсіз авиацияның тірегі
Сессияның негізгі бағыты – өңірлік ұйымдардың жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесіндегі орны мен даму перспективалары болды.
Қатысушылар мына мәселелерге тоқталды:
- кадрлық және қаржылық ресурстар тапшылығы
- ИКАО стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ету
- нормативтік базаны үйлестіру қажеттілігі
- өңірлік кооперацияны күшейту жолдары
Талқылауда өңірлік тетіктердің бірлескен аудиттер, тәжірибе алмасу және ресурстарды біріктіру арқылы тиімділікті арттыратыны атап өтілді.

Халықаралық сарапшылар қатысқан жоғары деңгейлі сессия
Панельдік талқылауға авиация саласының бірқатар жетекші өкілдері қатысты. Сессияны ИКАО Әуе көлігі бюросының директоры Мохаммед Рахма жүргізді.
Спикерлер қатарында:
- Айейи Гаранг Денг Айейи – Оңтүстік Судан Азаматтық авиация басқармасының бас директоры
- Кристофер Баркс – ИКАО Солтүстік Америка, Орталық және Кариб бассейні кеңсесінің өңірлік директоры
- Дэвид Ллойд – EUROCONTROL институционалдық байланыстар жөніндегі кеңесшісі
- Люси Мбугуа – ИКАО Шығыс және Оңтүстік Африка бөлімшесінің өңірлік директоры
- Салтанат Томпиева – ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы
Қазақстанның ұстанымы: нақты нәтиже беретін модель
Қазақстан атынан сөз сөйлеген Салтанат Томпиева өңірлік тетіктердің тиімділігі нақты практикалық қағидаттарға негізделуі тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, басты бағыттар:
- жедел әрекет ету және тәжірибе алмасу
- нақты міндеттерге бағытталған ынтымақтастық
- нормативтік актілерді үйлестіру
- аудиттерге бірлесіп дайындалу
«Қазақстан тұрғысынан өңірлік тетіктердің нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету бірнеше практикалық принциптерге негізделеді. Ең алдымен, бұл жедел әрекет ету және тәжірибе алмасу: өңірлік тетіктер икемді әрі мемлекеттердің нақты қажеттіліктеріне бағытталған болуы тиіс. Қолдау дер кезінде әрі тиімді болуы үшін ынтымақтастық нормативтік құқықтық актілерді келісу, қадағалаудағы олқылықтарды жою немесе аудиттерге дайындық сияқты нақты міндеттерді шешуге шоғырлануы қажет», – деді ол.
Сонымен қатар ол практикалық өзара іс-қимылдың маңызын ерекше атап өтті:
«Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, нысаналы техникалық миссиялар, сарапшылармен алмасу және аудиттерге бірлесіп дайындалу көбінесе ресми процестерге қарағанда жылдамырақ әрі айтарлықтай нәтижелер береді. Мұндай ынтымақтастық мемлекеттерге мамандандырылған білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді және өңірлік әлеуетті нығайтады».
Қауіпсіздік архитектурасының жаңа кезеңі
Сессия барысында өңірлік ұйымдардың тұрақты дамуы үшін негізгі қағидаттар белгіленді:
- тұрақты қаржыландыру
- тиімді басқару жүйесі
- тәуекелге бағдарланған тәсіл
- цифрлық технологияларды енгізу
Қатысушылардың пікірінше, мұндай механизмдер ИКАО стандарттарын енгізуді жеделдетіп, жаһандық авиациялық жүйенің тұрақтылығын арттырады.

Ортақ қорытынды
Талқылау соңында қатысушылар өңірлік тетіктердің жаһандық авиациялық қауіпсіздік архитектурасының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан өз кезегінде өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және азаматтық авиацияның қауіпсіз әрі тұрақты жүйесін нығайтуға дайын екенін растады.
