Kursiv Ecosystems Forum 2026 не көрсетті.
17 сәуір күні Алматыда өткен Kursiv Ecosystems Forum 2026 жай ғана салалық кездесу емес, Қазақстандағы цифрлық экожүйелер нарығының қай бағытта дамып бара жатқанын айқын көрсеткен маңызды алаңға айналды. Форумға 400-ден астам адам қатысып, ірі технологиялық және қаржылық компаниялардың жетекшілері, сарапшылар мен нарық ойыншылары бір жерде бас қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл кездесу цифрлық экожүйелердің болашағын ғана емес, олардың бүгінгі нақты жағдайын да ашып берді. Нарық енді қалыптасу кезеңінен өтіп, бәсекесі күшейген, реттеу талаптары артқан және пайдаланушы үшін күрес жаңа деңгейге шыққан кезеңге өтті.
Негізгі сессияларға Freedom Holding Corp. СЕО-сы Тимур Турлов, ТМД бойынша Ozon СЕО-сы Наталья Боер, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов, Freedom Bank басқарушы директоры Вячеслав Ким, Kolesa Group өкілі Александр Нагорный, «ЦентрКредит» Банкі Chief Product Owner-і Аршын Сұлтанғазы, Freedom Holding Corp. СТО-сы Ренат Туканов, QazCloud компаниясының AI бағытының жетекшісі Сабина Нұрлыбаева, AKASHI Data Center басқарма төрағасы Владислав Минкевич және QazCode СЕО-сы Алексей Шаравар қатысты.
Форум модераторлары Kursiv Research жетекшісі Сергей Домнин, Kursiv Media әлеуметтік жобалар редакторы Татьяна Николаева және Women in Tech Kazakhstan СЕО-сы Әсем Болатжан болды.
Форумның басты тақырыптары – суперқосымшалардың болашағы, тіпті олардың жойылу ықтималдығы, Қазақстандағы жасанды интеллектті реттеудің жаңа трендтері, клиенттік тәжірибе және дата-орталықтар инфрақұрылымының дамуы болды.
Бәсеке және реттеу: нарықтың негізгі тепе-теңдігі
Пленарлық сессияда Freedom Holding Corp. компаниясының CEO-сы әрі мажоритарлық акционері Тимур Турлов, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов және Ozon-ның ТМД бойынша CEO-сы Наталья Боер сөз сөйледі.
Тимур Турлов суперқосымшалар нарығындағы бәсекенің маңызына ерекше тоқталды:
«Егер нарық бәсекелестік деңгейін сақтап қалса, яғни ешкім абсолютті үстемдікке ие болмай, бірнеше экожүйе нарық үшін өзара күресетін болса, онда, шын мәнінде, әрбір экожүйе реттеуші тарапынан көбірек мүмкіндік алады...»

Оның айтуынша, бұл барлық экожүйе дамытатын компаниялар үшін аса маңызды. Сонымен қатар, бизнес ресурстарының едәуір бөлігі заң талаптарын сақтауға жұмсалып жатыр:
«Біздің компанияда іс жүзінде бизнес үшін емес, заңнама талаптарының сақталуын қадағалаумен айналысатын, біз жалақы төлеп отырған орасан көп мамандар жұмыс істейді...»
«Плиткалар» дәуірі аяқталып келеді
Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов цифрлық өнімдердің интерфейстері түбегейлі өзгеріп жатқанын атап өтті:
«Мен кейбір нарықтарда біздің Yandex GO интерфейсіміздің көшіріліп жатқанын көріп жүрмін, бірақ бұл «плиткалы» интерфейс тарихы қазірдің өзінде өзектілігін жоғалтты деп есептеймін»
Оның пікірінше, келесі кезең – жасанды интеллектке негізделген интерфейстер мен дауыстық көмекшілер:
«Біз балама жолды көріп отырмыз, елімізде розеткаға қосулы бір миллион белсенді «Алиса» бар. Адамдарға мәселелерін диалог режимінде, дауыстық интерфейс арқылы шешкен әлдеқайда ыңғайлы. Меніңше, жақын арада бүкіл интернет жаңаша кейіпке енеді. Жанды немесе соған жақын ассистенттердің уақыты келді»
Сонымен қатар ол такси нарығындағы баға қалыптастыру мәселесіне де тоқталды:
«Алматыда жұма күні кешкі сағат алтыда таксиге тапсырыс сенбі түнгі сағат үшке қарағанда әлдеқайда көп болады»
Және популистік шешімдердің тәуекелін атап өтті:
«Барлық таксист сағат сайын бір жарым, екі, үш, бес мың теңге тапсын деген популистік идеяны алға жылжыту оңай, бірақ бұл барлық шығынды тұтынушының мойнына ілу деген сөз. Өкінішке қарай, маркетплейстің бүкіл логикасы — сұраныс пен ұсыныс заңы — мұндай бастамалардың кесірінен бұзылуы мүмкін»
Экожүйе бәрін бір қосымшаға жинау емес
Ozon өкілі Наталья Боер қазіргі таңда мемлекет тарапынан қойылатын талаптардың күшейіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, маркетплейстерге қатысты салықтық талаптар бизнеске қосымша жүктеме әкеледі.
Сонымен бірге компания Қазақстанда банктік бағытқа емес, маркетплейс пен инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр. Қазірдің өзінде логистикаға 80 млрд теңгеден астам инвестиция салынған.
Боер ханым экожүйе ұғымына қатысты маңызды ой айтты: барлық қызметті бір қосымшаға біріктіру міндетті емес. Пайдаланушыға бір уақытта такси, ыдыс-аяқ және аяқ киім ұсынылуы керісінше ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.
Бірінші панель: таңдау және аймақтардың рөлі
Суперқосымшалардың болашағына арналған бірінші панельде Freedom Bank басқарушы директоры Вячеслав Ким, «ЦентрКредит» Банкі өкілі Аршын Сұлтанғазы және Kolesa Group өкілі Александр Нагорный сөз сөйледі.

Александр Нагорный ұсыныстар жүйесінің басты мақсаты – пайдаланушыға таңдау еркіндігін сақтау екенін атап өтті.
Аршын Сұлтанғазы банктер үшін жаңа мүмкіндіктер аймақтарда екенін айтты. Оның пікірінше, дәл осы өңірлер болашақтағы негізгі өсу нүктесіне айналуы мүмкін.
Екінші панель: жасанды интеллект және дата-орталықтар
Екінші панельде жасанды интеллектті енгізу және дата-орталықтардың экономикасы талқыланды.
Сөз сөйлегендер қатарында Freedom Holding Corp. СТО-сы Ренат Туканов, QazCloud AI бағытының жетекшісі Сабина Нұрлыбаева, AKASHI Data Center басқарма төрағасы Владислав Минкевич және QazCode СЕО-сы Алексей Шаравар болды.
Бұл талқылауда технологиялық инфрақұрылымның маңызы, есептеу қуаттарының артуы және цифрлық экономиканың негізі ретінде дата-орталықтардың рөлі қарастырылды.

Нарық жаңа кезеңге өтті
Kursiv Ecosystems Forum 2026 Қазақстандағы цифрлық экожүйелер нарығы жаңа кезеңге өткенін көрсетті.
Бұл кезең:
- интерфейстер арасындағы бәсеке
- сенім экономикасы
- реттеушілік жүктеменің артуы
- және пайдаланушы үшін күрестің күшеюі
Пайдаланушының талаптары өсіп келеді, ал компаниялар жаңа шешімдер іздеуге мәжбүр.
Форумның бас серіктесі Kaspi.kz, стратегиялық серіктесі Yandex Qazaqstan, ресми серіктесі Ozon болды.
Ақпараттық қолдау көрсеткендер қатарында Kolesa Group, Baribar, 7 арна, Liter.kz, Prodengi, 365info, Bluescreen, Profit.kz, Aikyn, Turkistan, DKNews, ER10media, AlemInform, Bizmedia және Optimism.kz бар.
Алматыдағы бұл форум цифрлық нарықтың қазіргі күйін айқын көрсетті — ол күрделі, бәсекелі және өте жылдам өзгеріп жатыр.

