21–22 сәуір аралығында Астана және Алматы қалаларында «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) акционерлік қоғамының Қытай Халық Республикасының ғылыми және технологиялық ұйымдарының өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулері өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық стандарттар және ISO
ҚХР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтының (RIOH) делегациясымен келіссөздер жүргізіліп, жол саласында International Organization for Standardization (ISO) шеңберінде халықаралық стандарттарды бірлесіп әзірлеу мәселесі талқыланды. Кездесуде заманауи технологияларды, сапа талаптарын және автомобиль жолдарын пайдаланудың нақты жағдайларын ескеретін келісілген тәсілдерді қалыптастыруға назар аударылды.
Жол-құрылыс технологиялары
Сонымен қатар, Central Fortune Creation Technology Group Co., Ltd (ҚХР) компаниясының өкілдерімен кездесуде жол құрылысына жаңа технологияларды енгізу перспективалары қаралды. Талқылау барысында:
- жол-құрылыс материалдарын қолдану және оларды Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімдеу;
- технологиялық ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары;
- «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолындағы бірлескен апробациялық учаскенің аралық нәтижелері.
Аталған учаскеде тозуға төзімді асфальт қабаты (GT-8) қолданылған және қазір оның пайдалану көрсеткіштері мониторингте.
Инновациялар мен цифрландыру
Қытайлық серіктестермен кездесулерде жаңа материалдарды қолдану, оларды сынау және енгізу тәсілдері, жолдардың бүкіл өмірлік циклін бақылау мәселелері қаралды. Сондай-ақ:
- пилоттық жобалар мен сынақ полигондарын пайдалану;
- саланы цифрландыру;
- материалдар мен технологиялар бойынша деректер базасын қалыптастыру;
- интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу.
Инфрақұрылым саласында көпірлерді тексеру, цифрлық технологиялар мен мониторинг жүйелерін қолдану, жөндеу және қызмет ету мерзімін ұзарту мәселелері қозғалды.
Ынтымақтастық бағыттары
Ынтымақтастық жоғары көлік жүктемесі, климаттық ерекшеліктер және Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін ескере отырып, жол саласын дамытудың заманауи тәсілдеріне бағытталған. Қазіргі кезде өзара іс-қимыл төрт негізгі бағыт бойынша пысықталуда:
- Жол қозғалысы қауіпсіздігін бағалау;
- Халықаралық автомобиль тасымалдарын дамытуға жәрдемдесу;
- Интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту;
- Жол саласындағы жасыл және төмен көміртекті бастамаларды іске асыру.
Ынтымақтастық форматтары ретінде үкіметаралық жобаларды бірлесіп ілгерілету, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізе отырып ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ өзара сапарлар, сараптамалық семинарлар және салалық іс-шаралар арқылы тәжірибе алмасу қарастырылуда.